«Мөлдір бұлақ» миссиясы жалғасуда

«ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «Теміржолсу» АҚ Магистральдық желі дирекциясымен бірлесе отырып, «Мөлдір бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырмақ. 2018-2022 жылдар аралығын қамтитын бұл бағдарлама шағын станциялар мен резъездердегі темір жол көлігі еңбеккерлері мен кәсіпорындарды қажетті мөлшерде сапалы сумен қамтамасыз етіп, су тасымалданатын темір жол пункттерінің санын қысқарта түспек.

«Теміржолсу» АҚ құрамына табиғи монополиялардың  субъектілері болып табылатын 12 еншілес ұйым кіреді және олар сумен, жылумен жабдықтау және кәріз жүйесі қызметтерін көрсетеді. Бұл қызметтердің негізгі тұтынушылары – темір жол кәсіпорындары, тұрғындар, бюджеттік ұйымдар мен өзге де кәсіпорындар.

–2017 жылдың қаржылық-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша Қоғам 185,6 млн теңге мөлшерінде пайдаға қол жеткізді. Кірістің өсіп, сәйкесінше пайданың молаюы, бірінші кезекте, Қоғамның орталық аппараты тарапынан еншілес ұйымдардың негізгі қызмет түрлері бойынша тарифтер деңгейіне түзету жасап, сондай-ақ, көрсетіліп отырған қызметтердің өзіндік құнын төмендету бағытында тұрақты жұмыстардың жүргізіліп, үнемі бақылауда ұстауы септігін тигізіп отыр.   Сонымен қатар қосымша кірістер тарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Егер өткен жылдың рейтінгілік бағалау қорытындысы бойынша еншілес ұйымдарды саралайтын болсақ, онда бірінші орын мінберінен «Теміржолсу-Маңғыстау», екінші орыннан «Теміржолсу-Қарағанды» көрініп, ал үшінші мен төртінші орындарды «Теміржолсу-Ақтөбе» және «Теміржолсу-Қостанай» ЖШС-тері өзара бөліскенін атар едік, – дейді «Теміржолсу» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Мира Темірбекова. 

Еске сала кетсек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастамасымен салалық «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы әзірленіп, ол 2012 жылдан бастап іске асырыла бастаған еді. Өткен жылы алғашқы бес жылдық жоспарын аяқтаған бағдарлама аясында көптеген темір жол станциялары мен разъездер сапалы әрі қажетті мөлшердегі сумен жабдықталған болатын. Су жоқ жерлерге су құбыры тартылып, ескі құдықтар қазіргі заман талабына сай жаңғыртылып, жаңа келбетке ие болса, көп жерлерде суды тұщыту, залалсыздандыру сияқты тағысын тағы шаруалар атқарылды. Осы шараларды жүзеге асыруға бес жыл ішінде 5,8 млрд теңге жұмсалыпты.  Нәтижесінде, тозған негізгі өндірістік активтер қатары 80-нен 26%-ке дейін төмендеп, суды ысырап жасау деңгейі мейлінше азайған, сондай-ақ, нысандарда апаттық жөндеулер саны да қысқарған. Жалпы, мұндай шаралардың жүзеге асырылуы,  Қоғамда қызметтің тиімділігін жақсарту бойынша одан әрмен қарай пәрменді саясаттың жүргізілуіне мүмкіндік бермек.

Сұлугүл БАКЕСОВА

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки