Жолаушылар легі  миллионнан асқан

Былтыр Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің балансына өткен Маңғыстау темір жол вокзалында бұрын-соңды кездеспеген жаңалық орын алып, өткен жылы вокзалдан сапар шеккен жолаушылар саны миллионнан асты.Бұл көрсеткіш «ЭКСПО» көрмесі кезінде қатынаған жолаушылар санының артуы мен соған орай қосымша пойыздардың іске қосылуынан жоғарылап отыр деп болжам жасайды мамандар.   –     2016 жылы 800 мың жолаушы келіп-кетсе, 2017 жылы жолаушылар легі 1 миллион 2 мың  444-ке жетті. Орташа есеппен күніне 2,5 мыңнан астам адамды құрады. Соның есебінен есепті мерзімде вокзалдағы ана мен бала бөлмесін және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны пайдаланушылар қатары да көбейді. Былтыр бұл қызметке 25 ана мен 40-қа жуық кемтар жан жүгінді. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға вокзал қызметкерлері қажетті көмекті көрсетті, – дейді вокзал бастығы Айгүл Әмірова. Оның айтуынша, осыған дейін вокзалдың қауіпсіздігін қадағалау бойынша 20 бейнебақылау құрылғысы болған. Бүгінде жаңадан тағы  19-ы орнатылуда екен. Сондай-ақ, нысанның шатырын түгел ауыстыру жұмыстары да таяу күндері басталмақ. Қажет қаражаты өткен жылы бөлініп, тиісті материалдары алынған.  Оған қоса өткен жылы перрондардың 25 шаршы метрдей аумағына, пандустарға жөндеу жүргізілген.

–2017 жылы бізде бірқатар өзгерістер болғаны белгілі. Алдымен вокзал Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің балансына өтті. Ішкі-сыртқы әрлеу, жөндеу жұмыстары жасалды. Сынған, бүлінген жерлері қалыпқа келтірілді.  Ғимарат жеке кассалар мен өзге де кәсіпкерлік нысандаран босатылып, күту залының аумағы кеңейтілді. Кіріс және шығыс есіктеріне бақылау құрылғысы орнатылды. Құрылғымен әр кезекте 9 адаммен тәулік бойына жұмыс ұйымдастырылуда. Енді вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары және жаңа ғимарат салу мәселесі ойластырылуда,– деген А.Әмірова вокзалдағы кассалардың жұмыс кестесінің, жол жүру құнының қаңтардың бірінен бастап өзгергенін де айтады.

Бірінші касса таңғы 11.30-23:30, екінші касса 9:00-21:00, үшіншісі 8:00-20:00 аралығында ашық тұрады. Бұрынғы кесте бойынша соңғы касса 22:30-ға дейін жұмыс жасаған. Ал билет бағасы болса, 7 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде жол жүру құжатын броньдау, топ болып бір вагонға тапсырыс беру, қайтару, т.б. қосымша қызмет түрлерінің де құны өскен.

Шахида Жұман

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки