Таңдау – кәсібилікті кемелдендіру

Өткен аптада М.Тынышбаев атындағы  ҚазККА Ақмола колледжінде «Теміржол саласына кәсіби мамандарды даярлаудағы әлеуметтік серіктестік» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға бірқатар теміржол саласының өкілдері, станция мен депо басшылары қатысты. Қозғалыс саласында кәсіби мамандарды даярлау мақсатында ұйымдастырылған шараның шымылдығын М.Тынышбаев атындағы  ҚазККА Ақмола колледжінің директоры Ерлан Әуесбаев ашып, алғысөзді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ  «Теміржол көлігі қызметкерлерінің даму және бағалау орталығы» филиалының директоры Марал Марасиловқа берді.

– Біз бұл колледжбен өте тығыз байланыстамыз. Үстіміздегі жылы ҚазККА Ақмола колледжінің бір топ түлектері арасында эксперименттік жобасын жасап, «Жылжымалы құрам» бағыты бойынша дуальды жүйемен оқыттық. Студенттер біздің кәсіпорындарда тәжірибелік оқудан өтіп, жоғары нәтижелер көрсетті. Басым бөлігі ҚТЖ мекемелеріне жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта да серіктестікті арттырып, болашақта кәсіби теміржолшы мамандарды даярлауымыз керек, – деп атап өтті Марал Серікұлы.

Кездесу барысында кәсіпорын басшылары  «Сенімділік жолдары – қауіпсіздік кепілі», « ДХ-500 цифрлық байланыс жабдықтары» , «Локомотив құрастыру зауытының»  дамуы,  «KZ4, KZ8 жаңа электровоз сериясын пайдалану және қызмет көрсету» атты  тақырыптарға кеңінен тоқталып, баяндама жасады.

Сондай-ақ тараптар теміржол саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, әр кәсіпорынды кәсіби маманмен толықтыруды талқылады. Ол үшін аталмыш оқу орнымен тығыз байланыс орнатып, болашақта студенттердің білім ордасынан алған білімін қозғалыс саласындағы кәсіпорындармен тәжірибе түрінде ұштастыруды тілге тиек етті.

–Бүгінде мыңнан аса студент білім алып жатқан колледждің  биылғы бітірушілері арасынан 22 түлек  жаңадан ашылған «Нұрлы жол» теміржол вокзалына жұмысқа тұрды. Біразы Ұлттық компания филиалдарына орналасты. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сала кәсіпорындармен серіктестікті әрі қарай да арттыра түсуге ұмтыламыз, – деп ой бөлісті колледж директоры.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки