Ерлі-зайыпты жолсеріктер

  Алпысбай Сарыбаев пен Гүләйім Әлімбетова үйде де, түзде де жұп жазбайды, бірге жүреді, бірін-бірі толықтырады.  Биыл олардың тағдыр жолдарының тоғысқанына 27 жыл толса, бір вагондағы ерлі-зайыпты жолсеріктер атанғандарына 16 жыл.

      Ерлі-зайыптылардың бір жерде жұмыс жасауы бір жағынан жақсы, артықшылығы да көп, дегенмен кемшілігі де жоқ емес. Мұны біздің кейіпкерлер де біледі. Мысалы, егер ерлі-зайыптылардың бірінен қателік кетіп, сөгіс алатындай жағдай туындаса, екіншісі де сол жазаны рухани түрде арқалайтыны сөзсіз. Керісінше,еңбегі еленіп, мадаққа бөленіп жатса  басқадан бұрын серігінің көбірек қуанатыны тағы бар. Бірақ біздің жолсеріктер соның екіншісінен болып шықты. Жұмыста алғыс алса да, қарғыс алмапты.

    Алпысбай ағаның өзі болат жолдағы жұмысын 1994 жылы бастайды. Араға біраз жыл салып келіншегін де қасына шақырып,  білгенін үйретіп, жолсерік кәсібіне баули бастайды. Сол күннен бері табан аудармай бір еңбек етіп келе жатқан жұп 2004 жылдан күні бүгінге дейін  №309-310 «Маңғыстау – Ақтөбе»  жолаушылар пойызында жолсерік. Бүгінде Алпысбай аға Гүлайым апасыз жұмысын елестете де алмайды, басқа біреуді сыңар етіп алуды естігісі де келмейді. Бір-бірін сонша жылдан бері кас-қабағынан түсініп үйренген қосақтарға бірге жұмыс істеу жеңіл, бірін-бірі толықтырады.  

  – Ерлі-зайыптының жұмыста бірге жүруінің өз артықшылығы бар. Қиындықтары да  жоқ емес әрине. Әсіресе алғашқы жылдары қиналдық. Екеуіміз де үйден бір уақытта кетеміз. Балаларымыз кішкентай. Біреуге тастап кетуге сенбейсің. Қарап қалатын жақындарың да үнемі келісе бермейді. Бұл қиындығы. Ал бір-бірімізге арқа сүйеп, біріміздің жетпеген тұсымызды екіншіміз толтырып, қолдау жағынан қарасақ куйеуіңмен жұмыстас болудың пайдасы көп. Әсіресе бұл ең алдымен жолсерік қыз-келіншектерге керек дер едім. Отағасы қасыңда болса,  жұмысыңды түсінеді, артық әңгімеге, кикілжіңдерге орын жоқ. Соның арқасында біз үйде де, түзде де үнемі бірге, тату-тәтті отбасымыз. Шүкір, қос ұл мен қос қыз тәрбиелеп отырмыз. Алды ержетіп, қолымыздан ауырды алатын жасқа келді. Тұңғышымыз Абай теміржолшы мамандығын алып,  үйленіп үй болды. Қазір темір жол күзетінде еңбек етеді. Қалғандары да жетіліп қалды, – деп сыр шерткен Гүләйім Әлімбетова отағасы сөзге шорқақ болса да жолаушылардың көңілін таба білетінін, бүкіл қара жұмыс соның мойнында екенін мақтанышпен жеткізді. Пойызда кездескен бір қызық оқиға туралы айтып беріңіз деген қолқамызға апай біраз ойланып барып жауап берді.

– Қарапайым халық жаппай пайдаланатын көлік болған соң, оның үстіне өз үйіңдей жата жастана демалып, шай-тамағыңды ішіп дегендей барасың, аяғы ауыр келіншектердің пойызда босанып қалуы жиі кездеседі. Ол туралы жазып та жүрсіздер. Менің де басымнан кайсы бір жылы осындай оқиға өткен еді. Сексеуіл мен Шалқардың арасына жолға отырған жүкті келіншектің аяқастынан толғағы қысып, пойызда босандырып алдық. Пойызға жалғыз отырған жолаушымыз аман-есен босанып, екеу болып түсті. Жолсеріктерге бұдан артық бақыт бар ма… – деген Гүлайым апай  бізбен жылы қоштасып серігі, ерімен бірге келесі сапарға аттанды.

Шахида Жұман, Маңғыстау 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки