Спорт оның хоббиі

Әйтеке би вагон қарау бекетінің слесары Рауан Сағынаев шашасына шаң жұқтырмайтын желаяқтығы арқасында ауданда үлкен қашықтықта жүгіру марафонында алғашқы болып келгендердің бірі.

Рас, ол спортты тек хоббиім деп біледі. Негізгі таңдаған кәсібі – теміржолшы.  Вагон шаруашылығының жас өкілі Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының түлегі. Қозғалысты ұйымдастыру мамандығы бойынша тәлім алған.

–Жаңа теміржол теліміндегі Домбар станциясында еңбек жолымды бастадым, Шалқар станциясында сигналист болдым. Алайда, осы саладағы өзгерістер мені бұрын болып көрмеген Әйтеке би станциясына әкелді. Әке-шешем теміржолшылар болғандықтан бұл саланы өзім таңдадым. Теміржолшы мамандығына оқуға өз қалауыммен түстім. Мақсатым – өз мамандығым бойынша  кәсіби дәрежеге көтерілу, – деп ағынан жарылып сырын айтты жас теміржолшы.

Рауанның Әйтеке би ауданына Шалқардан келгеніне 6 айдың жүзі болған. Еңбек жолын бастағалы небәрі екі жылдың жүзі болған жас жұмыстан бос кезін спортпен айналысуға жұмсайтыны  құптарлық іс екен.  Қолы қалт етсе, жаттығу залына жүгіретін жігіттің салауатты өмір салтын ұстанатынына басшылар да риза, оны өзгелерге үлгі етеді.  

 – Жұмысым өзіме ұнайды.  Ауысыммен, бір күн күндізгі ауысым, ертеңіне түнгі кезек. Содан соң екі күн демалыс. Кәсібімнің қыр-сырын толық меңгердім демеймін, аға буын әріптестерімнен әлі де көп нәрсені үйренудемін. Демалыс күндері бәріміз бірге футбол ойнаймыз, түрлі жарыстарға қатысамыз, – дейді 25 жастағы теміржолшы.

Асқар Ақтілеу, Әйтеке би

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки