Бейнеттің зейнеті бар

Саналы ғұмырын болат жолмен байланыстырып,  өз алдына дербес шаңырақ көтерген Маңғыстау темір жол бөлімшесінің алғашқы бас есепшісі болған Едіге Сахып ұзақ жылғы бейнеттің  зейнетін көретін шаққа жетті.

Маңғыстау темір жолында өткен 42 жылдың соңғы 10 жылын бөлімшенің қаржы-шаруашылық саласын басқарған маман  Едіге Ыбырайұлы Құрметті теміржолшы белгісіне ие болған санаулы қаржыгер болса керек.    

Екі жыл бұрын зейнет жасына жеткен есепке жүйрік тәжірибелі маманды жіберуге қимаған мекеме еңбегін тағы екі жыл пайдаланады. Міне, өткен апта  алыс-жақыннан әріптес, тілеулестері түгел жиылып, есеп-қаржы саласының ардагерін  құрметті демалысқа шығарып салды. Салтанатты шараға Астана, Атыраудан қонақтар, әріптестері келді. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжимеден Ғұбашов бастаған бөлімшеге қарасты мекеме басшылары, Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің басшылығы, өзге де аймақ  теміржолшылары түгел  қатысты.  Көз көрген азаматтар естеліктер айтып, тілектерін төгілтті. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры «ҚТЖ» ҰК» АҚ қаржы жөніндегі вице-президентінің Алғыс хаты  мен бөлімшенің құттықтау хатын тапсырып, ардагердің төсіне «Маңғыстау теміржолына – 10 жыл» мерекелік медалін тақты.

– Едіге Ыбырайұлымен еліміз әуелсіздік алған тұстан бері қызметтеспіз. Маңғыстау темір жол бөлімшесінің қиын-қыстау күндерін бірге бастан өткіздік. Қазыналы қарт түбекте бұл кісідей өз кәсібін терең меңгерген, көп жыл жұмыс жасаған есепші болған емес. Еңбегіңізге алғысымыз шексіз, – деген  бөлімше басшысы мерейтой иесінің портреті бейнеленіп,  майлы бояумен салынған суретті сыйға тартты. 

Едіге аға еңбек жолын 1969 жылы Мақат локомотив депосында жөндеуші слесарь болып бастапты. 1975 жылы Ташкент темір жол институтын бітіріп,  инженер-құрылысшы дипломын алады. Сол жылдың тамыз айында жолдамамен Маңғыстауға келіп, жол бригадирі, жол шебері, аға жол шебері жұмыстарын атқарады. Қайта құру жылдары  кәсібін қаржы-шаруашылық саласын игеріп,  бухгалтер-экономист мамандығын алады. 1991 жылдан бері темір жол мекемелерінде бас есепші болып бүгінгі күнге дейін жемісті еңбек етті. 

Темір жолда өз мектебін қалыптастырған маманның шәкірттері саналатын азаматтар да бүгінгі шарада сөз алып, ұстаздарына алғыстары мен жүрекжарды тілектерін жеткізді. Бөлімшедегі 18 есепшінің көбі оның шәкірті екен. Орнын басып, бөлімше директорының қаржы жұмыстары бойынша орынбасары қызметіне тағайындалған Сәрсен Егізбаев, жұмысты қатардағы есепші, көмекшіден бастап бас есепшісіне дейін көтерілген Гүлбану Алдабергенова,  Гүлбаршын Салблекова және Маңғыстау магистарльды желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереев, Маңғыстау жол дистанциясының басшысы Жарылғап Дүйсенбаев пен оның орынбасары Жолдас Жетібаев та кезінде  Едіге Ыбырайұлының  тәжірибе мектебінен өткен мамандар екенін мақтанышпен жеткізді.  

Шахида Жұман

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки