«Нұрлы жолда» өткен салтанат

Өткен демалыста еліміздегі 135 мыңнан астам теміржолшы өздерінің кәсіби мерекелері – Көлік қызметкерлерінің күнін атап өтті. Төл мерекеге арналған салтанатты шара «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы кешенінде де айрықша аталып өтті. 

 Бұл – бірнеше ай бұрын ғана пайдалануға беріліп, «көрген де арманда, көрмеген де арманда болған» ғажайып вокзал кешенінде өткен алғашқы салтанат еді. Еліміздің әнұраны асқақтап, мерекелік көңіл-күймен басталған жиында вокзал кешенінің директоры Дінмұхамед Құсайынов сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады. 

 – Жаңа вокзал кешенінің ашылғанына не бары екі айдан асты. Осы уақыт аралығында біздің кешен екі мыңнан астам жолаушылар пойызын және 900 мыңнан астам жолаушыны қабылдап, жөнелтті. Жақын күндері біз өзіміздің миллионыншы жолаушымызды анықтап, оны салтанатты түрде атап өтетін боламыз.  Құрметті әріптестер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, баршаңызға мықты денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді ол.

  Әрі қарай вокзал кешенінің ашылуына зор үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. «Өзі ісінің білгірі», «Техникалық сауаттылық», «Креативті жұмыскер», «Көшбасшылық қасиеттер» аталымдары бойынша Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтарға ие болғандар қатары мол болды.   Бұған қоса вокзал басшысының қолынан қызметтік куәліктерін алған жастар теміржолшылар қатарын толықтырды. Айта кетерлігі,  311 адамнан тұратын жаңа вокзал кешені ұжымының дені кеше ғана ЖОО тәмамдап, ұжымдағы тәжірибелі ұстаздарының арқасында кәсіби жетістікке жеткен түлектер құрайды екен. 

Марапаттау рәсімінен соң өнерпаз теміржолшылардың қатысуымен шағын концерт ұйымдастырылды. Жастар флешмоб билеп, үлкен-кіші өнерлерін ортаға салды.

  – Аз ғана уақыт ішінде біздің ұжым көп болмаса да, өте жақсы табыстарға жетті. Біз алдағы уақытта да вокзалға келген жолаушыларға қолайлы, әрі жайлы болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз, – деді вокзал кешені бойынша кәсіподақ комитеті филиалының төрайымы Әлия Аяғанова.

Айта кетейік, 1 маусымда пайдалануға берілген «Нұрлы жол» астаналық вокзал кешені ерекше архитертуралық үлгісімен алыс-жақынның таңданысын туғызған Елордадағы бірегей нысан, қайталанбас сәулет өнерінің бірі болып табылады.

 Мадина ТУРГУМБАЕВА

Суретті түсірген Александр Жабчук

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки