Әлем назары – Қазақстанда

Өткен жұма көптен күткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі салтанатты түрде ашылып, Елорда төрінде 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өкілдерінің басы қосылған ауқымды шара шымылдығын түрді.

   Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өте келе, барша жұртты осы бір айтулы шараның ашылуымен құттықтады. Құрметті қонақтар қатарында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпи, Ресей, Қытай, Беларусь, Чехия, Түрікменстан, Тәжікстан, Армения, Өзбекстан, Сербия және Моңғолия елдерінің президенттері мен Үндістан мен Пәкістан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің премьер-министрлері болды.

   – ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

  Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» көрмесі осы жаһандық үдеріске өзінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.  ЭКСПО бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді.

  «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми ашылу рәсімі Конгресс-Орталығында өтіп, Амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт аяқталған соң көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалады.

  Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылды. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде Қазақстаннның ұлттық павильоны орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. ЭКСПО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетілуде. Көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталсақ, оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізілуде. Көрме жұмысы аяқталған соң бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылмақ. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады деп жоспарлануда. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады.

  Аумағы 25 гектарды құрайтын Көрме кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орналасқан. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания,  Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және 100% жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін алғашқы ел – Коста-Рика бар. БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО сынды 22 халықаралық ұйым да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне сүйенсек, Көрме өтетін үш айда Астанаға 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 пайызын  шетелдік туристер құрамақ.

Ұлан ОРАЗ

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки