Қазақтың келіні осындай…

Маңғыстау жүк тасымалдау бөлімшесінің акт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған сайыс өткізілді. Оған темір жолдың әр саласында еңбек ететін қыз-келіншектер қатысты.

Сайыстың мақсаты үйдің де, түздің де шаруасын қатар алып жүрумен қатар, отбасында адал жар, аяулы ана, он саусағынана өнер тамған ісмерлігімен ерекшеленетін әйелдерді көпке таныстырып, үлгі тұту болды. Сондықтан сайысқа қатысушылар қазақы салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беру, әр түрлі материалдардан бұйым жасау, яғни қолөнер, өз өнерін көрсету сынды шарттардан өтіп, тіпті өздері жасаған тағамнан дәм де татқызды.

Тартысты өткен жарыста әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынды  «Міне, қазақтың келіні!» деуге әбден лайық, көркем мінезіне ақылы мен ажары сай келіншек, «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС   №14 бекеттің су сорғы станциясының машинисі Сәуле Жариева жеңіп алды. Екінші орын бөлімшенің қойма меңгерушісі Гүлсәнем Шамшиеваға, үшінші орын Маңғыстау пайдалану локомотив депосының аға таспа талдаушының міндетін атқарушы  Гүлназ Сүлейменоваға берілді.    

Бөлімше директоры Нәжімеден Ғұбашев барлық қыз-келіншектер, әйел-аналарды мерекемен құттықтап:  «Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрған мейірімді жандар,  мерекелеріңіз құтты болсын! Әрқашан да шаңырақтарыңыздың берекесі болып, жүздеріңізден нұр шашып жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық пен баянды бақыт тілеймін», – деді. 

Жүлдегерлердің құшақтары гүлге толып, арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен, бірқатары директордың Алғыс хатымен марапатталды.

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки