Өткелдегі өзекті мәселе  

Автокөлік көбейген сайын темір жолдағы өткелдердің қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығы артуда. 

Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол дистанцияларында өткелдерде автокөлік пен электровоздың соқтығысуы соңғы жылдары қайталанып жатыр. Әйтеуір адам шығыны болмады. Автокөліктердің артқы бөлігі қисайғанмен, жол мен локомотивке айтарлықтай зиян келмеді. Бірақ, ертеңгі күні осы жайт тағы орын алмасын ешкім болжай алмас. Өткелдердегі құрылғыларды жаңарту, заманға сай ету үшін қажетті материалдар қолға уақытылы тимегендіктен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалуда. Айта кететіні, бөлімшеге қарасты 3102, 3113, 3255, 3265, 3294, 3301, 3250 шақырымдардағы өткелдерде тосқауыл құрылғысының салынуы күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр.  Оған қоса,  бірқатар өткелдердің төсемдерін резиналы жұмсақ төсемге ауыстыру ісі де жүзеге асуы тиіс болатын. Барлық күзетілетін он үш өткелге бейнебақылау орнатылуы екі жыл бұрын қозғалса да, қаржының тапшылығынан қағаз күйінде сұралып келеді. Арыс – Шымкент, Арыс – Cарыағаш, Түркістан – Арыс телімінде алты өткелге шлагбауым орнату да  «қысқа жіп күрмеуге» келтірмеуде. Қазығұрт – Леңгір теліміндегі шақырымдарға белгі беретін бағдаршамдар қойылу керектігі бес айдың қорытындысында тағы сөз болды. Сонымен қатар, 3102, 3113, 3255, 3294, 3301 шақырымдардағы автокөлік қатынасы кемінде он мыңның төңірегінде, оның ішінде  күніне 500-ден аса қоғамдық көлік қатынайтын өткелде кеңейтілген автожолөткел салу кезек күттірмейтін істің бірі. Тұрғыны көп шоғырланған Қазығұрт – Қызылсай арасындағы бір бағыттағы темір жол бойынан жергілікті тұрғындар өздеріне ыңғайлап өткел салып алған көрінеді. Бірақ жеке бастары үшін қауіпті саналғандықтан, жолшылар жергілікті әкімдікпен, көлік прокуратурасымен және Шымкент станциясындағы ЖІІБ қызметкерлерімен бірлесе отырып, «жасанды»  өткелдің мәселесін шешуді қолға алған. Алайда, әліге дейін бұл мәселеге нүкте қойылмады. Бірі шағын болғанмен, бірі көлемдіге жататын өткелдердің мәселесі жамаулы көйлектей болып жылдан жылға жалғасып жатыр.

Бекәли АЛТЫН,  Шымкент

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки