Теміржолда тәжірибеден өтеді

Қазіргі кезде теміржол саласы заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен, жоғары қуатты локомотивтермен қайта жабдықталып, пойыз қозғалысын ұйымдастыру және басқару автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуде. 

Қазақстан темір жолы батыс пен шығысты жаңа темір жол желілерімен байланыстыратын, ел экономикасын алға сүйреуші қуатты күшке айналды. 

Осы жағдайда теміржолды қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжі – болашақ теміржол мамандарын дайындау миссиясын өз дәрежесінде атқарып келе жатқан байырғы оқу орнының бірі. 

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалына қарасты Тараз станциясында колледж шәкірттері өндірістік жетекшілердің басқаруымен іс-тәжірибеден өтеді. Болашақ теміржолшылар үшін басты тақырып – пойыздар қозғалысымен танысып, қозғалыс қауіпсіздігін көкейге түю. Тәжірибе барысында білімгерлер теориядан алған білімдерін тәжірибе жүзінде пайдаланады. Сондай-ақ, өндірістік машықтамада олар станция бойынша кезекшісі, көмекші оператор және парк бойынша кезекшілерінің міндеттерін атқарып, пойыздарды қабылдап, жөнелте алады. 

Темір жол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару мамандығын оқытуда сапалы мамандар даярлау үшін ақпараттық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді тиімді пайдалану маңызды екенін білеміз. 

Темір жол көлігін ұйымдастыру және басқару қызметі – еңбек нарығын басқарушы мамандық. Мұнда барлық құрылым заманауи технологиялармен жаңартылуда. 

Ақмарал МАХАМБЕТОВА,

Тараз теміржол көлік және коммуникация

колледжінің оқу-өндіріс шебері