Бір топ теміржолшылар «Мұнайлы ауданының құрметті азаматы» атанды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы мәслихатының шешімімен бір топ теміржолшылар «Мұнайлы ауданының құрметті азаматы» атанды. 

Марапаттау рәсімі аудандық әкімдікте салтанатты жағдайда өтті. 

Бұл күні ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат түрлі деңгейдегі құрметке ие болды. Алты адам «Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. Олардың қатарында Маңғыстау вагон пайдалану депосының бастығы Сәрсенбай Есенқұлов, «Теміржолсу» мекемесін көп жылдар басқарған Орын Оразғалиев пен Батыс Қазақстан теміржолы Атырау бөлімшесінің №5 Маңғыстау жұмысшыларды жабдықтау бөлімін басқарған Тәжіғали Бекқалиұлы бар. Сонымен қатар Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов мерейтойлық төсбелгімен марапатталды. Құрмет иелерін Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров құттықтап, төсбелгілерін тақты. 

− Тәуелсіздік – біздің баға жетпес байлығымыз. Осынау айтулы мерекеде теміржолшылар құрметке лайық болып жатса, бұл – олардың еңбегі. Аға буынның мұндай жетістігі кейінгі буын жастардың кәсібіне қызығушылығын арттырып, жауапкершілік жүктейді. 

Теміржолшының жұмысы ауыр, бірақ абыройлы, құрметке лайық кәсіп, – дейді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов.