Бейнетіркегіш – қауіпсіздік айнасы

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

Темір жол қозғалысы қауіпқатерсіз емес, станциялар мен перегондарда апатты жағдайлар жиі тіркелетіні белгілі. Алайда, мұндай жағдайда кімнің кінәлі екенін анықтау қиынға соғып жатады. Міне, осындай келеңсіздіктер туындамас үшін бүгінде заманауи құрылғылар көмекке келеді.

Соның бірі – тепловоздарға орнатылатын бейнерегистратор соңғы жылдары ҚТЖ-ның қауіпсіздікті жақсатру саласындағы үлкен жетістігі болып отыр. Бүгінде Алматы ЖТ бөлімшесіне қарасты тепловоздар бейнерегистратормен қамтылуда. 

Үштөбе станциясы басшысы Ербол Ниетжановтың айтуынша, тепловоздарға бейнерегистратор орнату көптен арман болған. ««Қазақстан темір жолы» АҚ-на ұсыныс жаздық. Тендер жарияланып, ақша бөлінді. Сөйтіп, жеңген компания арнайы келісімшарт негізінде тепловоздарға бейнерегистратор қондырғысын орнатуды қолға алды. Бұл, әсіресе, апатты жағдай тіркелгенде үлкен көмек болады. 

Апат болса, көп жағдайда кінәлі анықталмай, жала машинистке жабылатынын талай көріп жүрміз. Бұл машинистердің жұмысқа деген ынтаықыласын төмендетіп, көңіл-күйін түсіретіні сөзсіз. 

Сондықтан бейнерегистраторлардың орнатылуымен ондай келеңсіздіктер жойылады деп сенеміз», – дейді станция бастығы. 

Ал Үштөбе локомотив айналым депосының бастығы Берікқали Абилов: «Біз жаңа талапқа сәйкес, екі SKD 6 Е маневр тепловозына 4 бейнерегистратор орнаттық. Яғни, бұл алдыңғы және артқы жағынан түсіреді. Темір жол бойында күніне қанша заңбұзушылықтар болып жатады.

Жолдан адамдар жүгіріп өтеді, мал басып кетеді, вагондар тоналады, тағысын тағы. Міне, осындайдан туындайтын оқыс жағдайларда бейнетіркегіш – машинисті ақтап алу үшін керек дүние. Әрі заңбұзушылықты тоқтатуға да септігін тигізеді» дейді. 

Сондай-ақ, депо басшысы заманауи қондырғы локомотив бригадасын да заң шеңберінен шықпай әрекет етіп, тәртіп бұзбауға дағдыландыратынын да айтады. «Өйткені бәрі алақандағыдай анық, дауыс та, бейне де жазылады. Қондырғының бір жылға кепілдігі бар. Әсіресе, машинистер қуанып жатыр. Бұл олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды» дейді. 

Жаңа құрылғының орнатылғанына қуанып жатқан тепловоз машинистерінің бірі Жомарт Жаңатаев екен. «Талай жылғы тәжірибемде небір заңсыздық әрекеттер тіркелді. Бірақ қателік кімнің тарапынан кеткені жабулы қазан күйінде қалатын. 

Енді мұндай әрекеттерге тыйым салынады деп сенемін. Себебі, бейнерегистратор бәрін жазып, бәрін түсіреді. Күмәнді жағдай болса, кез келген сәтте куәміз бар, тексеріп, анықтай аламыз», – дейді машинист.