Модульдік оқытудың соңғы сабағы

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «100 жас есім» жобасы бойынша жас мамандарды дамыту бағдарламасының соңғы – төртінші оқыту модулі басталды. ZOOM платформасында 23 желтоқсанда ашылып, келесі сейсенбіге дейін жалғасатын оқытудың соңғы модулі – «Сатылмайтындық» деп аталады. 

Тоқсан сайын 3-4 күн ішінде өткізілетін бұл модульдердің бұған дейінгі тақырыптары – «Кәсібилік», «Әлеует», «Көшбасшылық» деп аталғаны мәлім. Бұл жолғы «Сатылмайтындық» модулінде іскерлік этика кодексі, мүдделер қақтығысы, қаржылық сауаттылық мәселелері қозғалды. Онлайн шараны ұлттық компанияның HR бойынша атқарушы директоры, персоналды басқару департаментінің директоры Тамила Микулич ашты. 

Бұл модульде сырттан шақыртылған қонақ, спикер – ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша уәкілі Руслан Жұманов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және адалдық тақырыбында баяндады. Осы тақырып аясында БҰҰ жоғары құқық саласындағы жобалар менеджері Гүлмира Түлесбаева сөз сөйледі. Одан әрі үшінші модульдегі челлендж тапсырмасының жеңімпаздары жарияланып, көптен дараланып көрінген 5 жас маманның челленджі көрсетілді. Модератор Мақсат Жансейітов «Сатылмайтындық» модулінің аңдатпасымен таныстырды. Тренер Ильдар Валиуллов нақты бір мәселелер бойынша топтық мәселе талқылауға кезек берді. Философия докторы, академик, профессор Қазбек Қазкенов «Сыбайлас жемқорлық: Шығуы, Экскурс, Векторлары» деген тақырыпта баяндама жасады. Компанияның ішкі тренері Ирина Капанова «Іскерлік этика кодексі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дағы профилактика» деген тақырыпты қозғады. Тренер Вера Макатер «Визуалды коспект шеберханасы: Күрделі тақырыптарды қалай оңай әрі түсінікті түсіндіруге болады?» деген тақырыпта мәселе көтерді. 

Келесі күндері, яғни 24, 25, 28, 29 желтоқсанға дейін жалғасатын төртінші модуль отбасылық капиталдан бастап инвестицияға дейін қаржылық сауаттылық, «Адал жол» жобалық кеңсесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы, қатысушылар арасында іскерлік этика кодексі мен жемқорлық бойынша пікір-сайыс турнирін өткізу бойынша ерекшеленеді. 

Нәтижесі алдағы жылдың кезекті модулінде белгілі болатын осы модульдің челленджі де қызықты тақырыптарды қамтығаны анық. Челлендждің «Өзім үшін» деген бөлімі бойынша өз бөлімшесінде ең кем дегенде бір қызметкерге тәлімгер болу, биыл алған білімін өзгелерге үйрету, ҚТЖ-ның корпоративтік мәдениетін насихаттау тапсырмасы берілді. Ал «ҚТЖ үшін» деген бөлімінде олар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жас қызметкерлеріне «ҚТЖ 100 жас есім» бағдарламасын түсіндіруге арналған вебинар өткізіп, «ҚТЖ 100 жас жолсерік» байқауына қатысуды көздеп отырған үміткерлерге консультация жүргізуі керек және визуалды конспект жасау бойынша шеберханадан алған білімін қолдана отырып «ҚТЖ 100 жас есім жобасы маған не берді?» деген тақырыпта плакат жасайды. «Ел үшін» деген челлендж бөліміндегі тапсырмамен 2021 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту» жылы болғандықтан осы тақырыпта патриоттық акция ұйымдастыру керек.