14 желтоқсан күні таңғы сағат 4:00-де №109 «Маңғыстау-Ақтөбе» пойызының машинисі Бейнеу-Құлсары телімі аумағында шұғыл тежеу жасады. Себебі жолаушылар пойызындағы пошта вагонынан өрт шыққан еді. Машинистің ең бірінші көздегені өртеніп жатқан жүк вагонын жолаушылар вагондарынан алысқа алып кету болды.
Пойыз тоқтай сала теміржолшылар жедел әрекетке көшіп, пошта вагонын құрамнан ағытуға кірісті. Сағат 4:10-да тепловоз өртеніп жатқан вагонды ажыратып алып құрамнан қашыққа сүйреп әкетті. Сол уақытта оқиғадан хабар алған Бейнеу станциясындағы өрт сөндіру пойызы шұғыл дабылмен аяқтарынан тік тұрды. Өрт сөндіру пойызына тепловоз беріліп, 4:20 минутта Бейнеудегі бірінші жолға қойылып, 4:30-да теміржолдың жедел жәрдемі жолға шықты. Оқиға орнымен арақашықтық 55 шақырым еді.
− «Маңғыстау-Ақтөбе» пойызының машинисі Қылышбек Бейнеуов 1110- шақырымда Қаркөл-№463 бекеттерінің арасында жүріп бара жатып тепловоздан кейінгі пошта вагонында «тарс» ете қалған қатты дауысты естиді. Өрт шыққанын байқап, дереу пойызды тоқтатады.
Өрт сөндіру пойызына хабар келісімен біз шұғыл әрекетке кірісіп, дереу жолға шығып кеттік. Бірақ жол біреу болғандықтан сағат 5:35-те өрт сөндіру пойызы Қаркөлге жеткенмен, жолаушылар вагондарын алып шығып, жол босағанға дейін күтіп тұруға тура келді. Тепловоз перегонда тұрған жолаушылар пойызын алып шыққан соң ғана оқиға орнына жеткен өрт сөндіру пойызы жұмысқа кірісіп, қызыл жалын сағат 5:54-те ауыздықталған. Бірақ өрт толықтай сөндіріліп, залалсыздандырылғанша тағы бір сағат өтіп, 7:51 минутта перегон ашылып, пойыз Ақтөбеге кетті. Өрт сөндіруге барлығы 23 адам қатысты, – дейді оқиға туралы ақпарат берген Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағының бастығы Қайырхан Таласов.
Жасақ бастығының мәліметінше, вагондағы жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру пойызынан бөлек Бейнеудің өрт сөндіру бөлімінен екі арнайы көлік және Боранқұл ауылындағы «ҚазмұнайТеңіз» мекемесінен де бір техника тартылған. Өртенген вагон 2008 жылы шыққан, «Казпочта» АҚ-ның Алматы филиалына тиесілі болған. Күрделі жөндеуден 2019 жылы Екібастұзда, ТО-1 жөндеуінен осы жылғы 11 желтоқсанда Ақтөбеде өткені белгілі болған.
Еске сала кетейік, ресми органдардың хабарлауынша, аталған апатты жағдайдан пошта вагоны түгел жанып кеткен. Салдарынан вагондағы бес адам зардап шеккен. Олардың денесін түрлі деңгейдегі күйік шалып, Бейнеу ауданындағы және облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Қазпошта жолсерігінің денесіндегі термиялық күйіктің ауданы 80 пайызды құраған.
Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болуы мүмкін. Бірақ өрттің туындауы туралы нақты тұжырымды айналысып жатқан ішкі істер органдары анықтайтын болады.