Локомотив паркі жаңарады

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Алдағы жылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің локомотив паркі 29 заманауи электровозбен толығады. Серіктестіктің инвестициялық бағдарламасы аясында локомотив паркін жаңарту үшін «Электровоз құрастыру зауыты» АҚ-дан барлығы 27 локомотив сатып алынса, соның ішінде 16-сы жүк тасымалы үшін, 13-і жолаушылар қозғалысы үшін алынады. Оған 70 млрд теңге қаржы бөлінбек.

Өткен аптада «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының жүк қозғалысы бойынша орынбасары, «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС бас директоры Дәурен Бимов бастаған делегация аталған зауытты аралап, тартым құрамын жинақтаудың технологиялық процесіне баға берді, сонымен қатар кәсіпорынның заманауи машиналар жеткізу бойынша міндеттемелерін орындауға қаншалықты дайын екенін көрді. 

Делегация өкілдеріне KZ4AT және KZ8A сериялы жүк және жолаушылар электровоздарын жасаудың толық өндірістік циклы таныстырылды. Олар сондай-ақ электровоз құрастыру, дөңгелек, арба және электр машина цехында болды. 

– Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне екі басты фактор ықпал етеді: адами және сенімді техника. Сондықтан жылжымалы тартым құрамын жаңартуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын темір жолға заманауи локомотивтер сатып алынады. Бұл біз үшін даму жолында салынатын сенімді капитал, – деді Д.Бимов. 

KZ4AT және KZ8A сериялы электровоздары – жаңа дәуір локомотивтеріне жатады. Екісекциялы, жүк магистральді KZ8A электровозының бейсинхронды тартым қозғалтқышы ауыспалы ток арқылы жұмыс істеуге қабілетті. Оның 9 мың тонналық жүк пойыздарын сүйреуге күші жетеді. Ауыспалы токпен істейтін KZ4AT жолаушылар магистральдық электровозы осіне 21.5 тоннадан келетін нормативтік жүктемеге ие және ол ең жоғары жылдамдық сағатына 200 км-ге дейін жете алады. 

Локомотивтерде машинист пен оның көмекшісі үшін өте ыңғайлы және қолайлы жағдай жасалған. 

Кабиналар заманауи жоғары технологиялы құрылғылар, қауіпсіздік жабдықтарымен, климат-бақылау бойынша компьютерлендірілген жүйемен, ыңғайлы орындықтармен, желдеткіш және қысқа толқынды пеш, эргонды санитарлық тораппен қамтамасыз етілген. 

KZ8A электровозына пойызды жүргізудің автоматтандырылған жүйесі енгізілген, бұл машинист тарапынан қателіктердің аз болуына ықпал етіп, жол үстінде қозғалыс қауіпсіздігі мен нақтылықты, электр энергиясы мен отынды үнемдеуді қамтамасыз етеді. 

Басқарудың компьютерлендірілген жүйесі түрлі-түсті дисплейде барлық жабдықтардың жағдайы мен локомотивтің эксплуатациялық параметрлерін көрсетіп тұрады, өз-өзіне диагностика жүргізіп, олқылықтар туралы машинистерге дереу белгі береді. Кемшілік табылған жағдайда машинист шұғыл түрде жүйені пойыз жылдамдығын азайтпайақ жұмыстың резервтік тәртібіне көшіре алады. 

Электровоздар 1520 кеңістігінде климаттық жағдайларға бейімделе жасалған. Темір жолда әр жылдары барлығы KZ8A сериялы 59 жүк электровозы және KZ4AТ сериялы 20 жолаушылар электровозы сатып алынған. Кездесу барысында теміржолшылар зауыт басшылығымен ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы сөз етті.