Бердібек Сапарбаев аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларын қабылдады

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларын қабылдады. Олардың ішінде Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбеков те бар. 

Бердібек Машбекұлы теміржолдың ел экономикасының күретамыры екенін айта келіп, саладағы оң өзгерістерге оң баға берді. 

«Пандемиялық жағдайларға қарамастан, «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен оған қарасты құрылымдар жылдағы көрсеткіштерін сақтай алды» деп атап өткен әкім бөлімшенің директорынан соңғы көрсеткіштерді сұрады. 

Үмітбек Есмұратұлының айтуынша, Жамбыл облысы аумағындағы жалпы ұзындығы 1236,3 шақырым теміржол бойы қалыпты жұмыс істеп тұр. «Бөлімшенің  құрамына 52 станция кіреді. Жамбыл жол бөлімшесі бойынша 9372 адам қызмет етеді», – деген Ү.Рысбеков ағымдағы жылы бөлімше мен оған қарасты мекемелерден 172 жұмысшы қысқарғанын да жасырмады. 

Алайда, қысқартуға ілінген қызметкерлердің көбісі, яғни 144-і жұмыспен қайта қамтылған. Ал зейнет жасына бес жыл қалған 28 теміржолшы «Ерте жастан зейнетке шығу» ережесіне сәйкес құрметті еңбек демалысына шығарылып, ай сайын жалақыларының мөлшері төлену үстінде екен. 

Бөлімше директорының айтуына қарағанда, биылғы 1 қаңтардан бастап аймақтағы теміржолшылардың еңбекақысы 5 пайызға – 20 мың теңге көлеміне өсіпті.

Мекемеде орташа жалақы 186 мың теңгені құрайды, былтыр бұл көрсеткіш 169 мың теңге шамасында болған. Бұдан бөлек, бөлімше қызметкерлеріне әртүрлі қаржылай көмек тұрақты көрсетіліп тұрады. «Ағымдағы жылы Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне байланысты барлық теміржолшыларға бір мәрте ең төменгі жалақы мөлшерінде – 42500 теңгеден үлестіріліп, 708 721 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Енді Тәуелсіздік күні мерекесіне орай 1,5 ең төменгі жалақы мөлшерінде – 63750 теңге көлемінде сыйақы түсірмекпіз. Мұның жалпы шығыны 541 847 мың теңгені құрап отыр», – деді Үмітбек Есмұратұлы.

Бөлімше басшысы жыл басынан бері пайдалану жүк айналымының жоспары 106,2 пайызға орындалғанын айтты. Негізгі меже 26434 млн.ткм болса, нақты дерек 28060 млн.ткм құраған. Жолаушылар тасымалының 66,6 пайызға дейін төмендеп кетуіне, әрине, елімізде және бүкіл жер бетінде орын алған коронавирустық инфекцияның таралуы себеп болған. «Жолаушылар тасымалында төмендеу болғанымен, жүк айналымында соншалықты айырмашылық жоқ. Жоспарлы межемізді сақтап, кейбірінен тіпті ілгерілеуге қол жеткіздік. Ал пандемия кезінде және әлі күнге теміржолшыларымыз арнайы киім-кешекпен, аяқ киіммен, медициналық қорғаныш құралдарымен толықтай қамтылды», – деді Үмітбек Рысбеков.

Облыс әкімі бөлімше директорына қызметкерлердің жалақы мөлшерін кемітпеуді, уақытылы төлеуді және қауіпті індеттен сақтану шараларын барынша жетілдіруді тапсырды.