24 отбасына қаладан жайлы пәтер берілді

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атыраудың Қарабатан станциясы тұрғындарының мәселесі соңғы жылдары талай мәрте көтеріліп, оларды қалаға көшіру жөнінде сөз шыққалы да бірнеше жыл. Жергілікті әкімдіктің күш салуымен жуырда бұл мәселе шешімін тауып, 24 отбасына қаладан жайлы пәтер берілді. 

Қарабатан елді мекеніндегі 27 отбасының 210 мүшесі бар. Олардың денi – теміржолшылар. Алайда, олар ұзақ жыл тұрмыс қиындығын көріп келді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі үйлерге газ тартылмаған, ауылда мектеп, балабақша, емхана, дүкен атымен жоқ. Қыста үйді көмір жағып жылытады. Трассадан ауылға дейінгі 2 шақырым қара жол жаңбырлы күндері жүргізбейді. Балалар қаладағы Бесікті және Доссордағы мектеп-интернатта жатып оқиды. Одан бөлек ауыл іргесіндегі «Болашақ» зауытының әсері бар, экологиялық ахуал өте нашар, зауыттан шыққан түтін мен күкірттің иісі станция тұрғындарының денсаулығына кері әсер етіп, ауру-сырқау көбейген еді. 

Соған орай Атырау қалалық әкімдігі өңір орталығына қоныс аударған тұрғындарға Жұлдыз шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйден 2 бөлмелі 27 пәтер бөлген. Бүгінде оған Қарабатан станциясынан 24 отбасы көшіп келген. 

Ал, станцияға келсек, қазіргі Қарабатан станциясы бұрын бес-ақ адам жұмыс жасаған шағын ғана разъезд болатын. «Болашақ» зауыты ашылатын болған соң, яғни Қашаған кен орнынан келген мұнайды өңдеу зауытының салынуына байланысты 2005 жылы станция ғимараты жаңадан салынды, жұмыс көбейді. Қосымша штаттар ашылып, теміржолшыларға жұмыс жасауға қолайлы жағдай жасалып, толық мамандандырылған, бәрі де жергілікті кадрлар. 

Станцияда қазіргі уақытта 11 жол торабы бар және «Болашақтағы» 2 зауыттың әрқайсысына жол торабы тартылған. Станция басында СОБ, КТСМ құрылғылары ақаусыз жұмыс жасауда, жолдары жарық шамдармен, ал белгі берушілер, пойыз құрастырушылар сөйлесу құралдарымен қамтылған. Карабатан станциясында бүгінгі күні 40 шақты адам жұмыс жасайды. Оның ішінде станция кезекшісі, пойыз құрастырушылар, 

жүк кассирлері, тасымалдау құжаттарын өңдеу операторлары, жүк-багаж қабылдаушы және т.б. мамандар бар. Станция қызметкерлерін жұмысқа тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз етілген, күніге 2 рет қызметкерлерді жұмысқа алып келіп, жұмыстан шыққандарын алып кетеді.