Қауіпсіздік қағидасы: адам өмірі - басты құндылық

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржолшылар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған ІІ Өндірістік қауіпсіздік форумын алғаш рет онлайн форматта өткізді. 11 желтоқсанда ұйымдастырылған маңызды іс-шараға компания басшылары мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар және бизнес әріптестер қатысты.

Компанияның өндірістік қауіпсіздік саласындағы жылдық қорытынды есебі, осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нөлдік жарақат алушылық тұжырымдамасын қолдау және ілгерілету жұмыстары туралы сөз болған форумға «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қатысты. 

«Адам өмірі – ең басты құндылық» деген ұран өндірістің барлық үдерістеріне дендеп енуі қажет екенін атап өткен компания басшысы: «Компанияның әрбір қызметкеріне оның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қауіпті жұмысты тоқтата алатындығы бойынша құқық берілді. Бұл құқықты пайдалану бойынша 200-ге жуық жағдай тіркелді. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам қауіпті әрекет, 3 мыңдай қауіпті жағдай анықталды. Осылайша сол қауіпті жағдайлар салдарында болуы мүмкін ірі апаттардың алдын алдық. Сонымен қатар биыл цифрландыру жұмыстары аясында іске қосылған «Өндірістік қауіпсіздіктің біріктірілген жүйесі» атты ауқымды жоба халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ол халықаралық теміржолшылар одағының UIC Digital words байқауында 2 орын алды. Бұл жоба бізге не береді? Бүгінде біздің қолымызда үнемі жүретін ұялы байланыс телефонына осы жобаның қосымшасын жүктеп, сол арқылы жұмысшы кез келген жерде көрген қауіпсіздік ережелерінің бұзылу фактілерін бейне, фотоға түсіріп, мәтінін жазып, тіркей алады. Сол бойынша тиісті шара қолданылады, қауіпсіздікті жақсартуға арналған ұсыныстар енгізіледі. Жұмысшы осыған қатысты нұсқаулық ала алады. Бұл нағыз айқындылығы жоғары құжаттарға толы деректер базасы деуге болады. Ол қағазсыз жүзеге асырылады және жылдам жаңартылады. Қазір бұл жүйеге 110 мыңнан астам компания қызметкері тіркелген», – деді.  

Сауат Мыңбаев сонымен бірге еңбек жағдайын жақсарта түсу үшін ұлттық компанияның Vision Zero қатарына қосылғанын еске салды. Соның арқасында қоғамда жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, келеңсіздіктерді болдырмау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. 

«Өндірістік мәдениет жоғары болған сайын компанияның да технологиялық деңгейі жоғары бола түседі», – деді сөз соңында. 

 Форум жұмысына ҚР Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов те қатысып, қауіпсіздік бойынша жалпы деректермен бөлісті.

Қазақстанда Vision Zero жобасын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндаған министр, еңбек жағдайының қолайсыздығынан болатын залалдар экономикаға да кері әсерін тигізетінін жеткізді.

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Кристиан Кун өз сөзінде еңбек қорғау саласындағы көшбасшылықтың рөліне тоқталды. Бір жыл бұрын басталған бұл форумда сол кезде компания алдына қандай міндеттер қойылып еді? Төрағаның айтуынша, сол кезде жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайын жасауды қамтамасыз ету, «Қауіпсіздік минутын» өткізу, сөзді іспен бекітіп, қауіпсіздікке қатысты оң іс-әрекеті үшін жұмысшыларды ынталандыру, қауіпсіздік техникасы бойынша бірде-бір бұзушылыққа төзбеу міндеттері қойылған еді. «Соның нәтижесінде бүгінде компания неге қол жеткізді? Біріншіден, кең ауқымды ағартушылық жұмыстары қолға алынды, байланыс аясы кеңейді, есептілік пен айқындылық сапасы айтарлықтай жақсарды, заманауи құралдар көбейді», деді ол. 

Ұлттық компанияның бас инженері Батыр Котырев Қазақстан темір жолындағы өндірістік қауіпсіздік бойынша статистика әлі де көңіл көншітпейтінін айтты. Биыл өндірісте 29 қайғылы жағдай болған. Салдарынан 31 адам зардап шеккен. «Осындай жағдайларды зерттей келе олардың түпкі себептерін анықтадық. 18 жағдай, яғни 62 пайызы бұл таза абайсыздықтан, 6 жағдай, яғни 21 пайызы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаудан, 5 жағдай, 17 пайызы технологиялық үдерістердің бұзылуынан болған. Біз персоналдың жеке қауіпсіздігін сақтауға деген көзқарасын оларды оқыту, саланы автоматтандыру және қауіпті жұмысты тоқтату құқығы арқылы түбегейлі өзгертуді нақты қолға алып отырмыз», – деді бас инженер.

Осы жылы мамыр айынан бастап 252 жұмысшы «Өндірістік қауіпсіздіктің біріктірілген жүйесі» қосымшасы арқылы бұзушылықтарды анықтап, тіркегені үшін 10 млн-нан астам сомада ынталандырылған. Ал «Қауіпсіздіктің тәртіптік диалогы» жобасы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен үздіктер ережеге сәйкес отбасымен шетелге жолдама ала алады. Бас инженердің айтуынша, осылай ынталандыра отырып басқа да, атап айтқанда, кадрлардың тұрақтауы, психологиялық әлеуметтік ахуалды жақсарту, жұмысшылардың компания қызметіне белсенді араласуы сынды мәселелер шешімін табуда. Ол сонымен қатар биыл өндірістік жарақат алуға жол бермеген темір жол кәсіпорындарын атап өтті. Бірнеше жыл бойы өндірістік қауіпсіздік көрсеткіштеріне сын келтірмеген аймақтар бар. Демек, өндірістік жарақатқа мүлдем жол бермеуге болады.

 Шара барысында Vision Zero саласындағы халықаралық оқиғалар туралы Vision Zero амбассадоры Конколевски Ханс-Хорс ақпар берді. Ал Vision Zero жобасының ҚР-дағы дамуы жөнінде EVERYCO Central Asia Kazakhstan директоры әрі серіктесі Анар Жұмашева баяндады. Оның айтуынша, қазір әлемде әрбір 15 секунд сайын өндірісте адамдар қаза табады. Тек Қазақстанда жылына 10 адам өндірісте көз жұмады.

Еңбек қауіпсіздігі саласында жағдайды жақсарту туралы айтқан ЕҚҚД банкі департаментінің жетекші кеңесшісі Полина Пименова өз қызметкерлерінің  өмірі мен денсаулығын бірінші кезекке қоятын ҚТЖ компаниясының бұл форумды өткізуін жоғары бағалады. 

Компанияда қолайлы еңбек жағдайын жасауға қатысты Персоналды басқару бойынша директор Тамила Микулич сөз алып, қоғамда жыл сайын ішкі және сыртқы бірнеше зерттеу жүргізілетінін жеткізді. ҚТЖда жыл сайын жұмысшылардың өз жұмыс жағдайына көңіл толушылық деңгейін анықтау бойынша және жылына бір рет әлеуметтік тұрақтылық индексі бойынша зерттеу жүргізіледі. Сонымен қатар қызметкерлердің жұмысқа араласу деңгейіне қатысты жылына 1 рет және өндірістік қатынастар бойынша мониторинг аясында 2 рет зерттеу өткізіледі. Ал компаниядағы жарақат алушылық жағдайы мен қауіпсіздікке баға беру нәтижелері туралы Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің директоры Асхат Сариев және бас менеджері Алтынай Жатқанбаева баяндады. 

Форум соңында өндірістік қауіпсіздік саласында озық тәжірибе көрсетіп, жарақат алушылыққа жол бермеген мекемелер мен жекелеген қызметкерлер марапатталды. Сенім сертификаттарына 13 өңірлік теміржол мекемесі ие болып, 24 ішкі тренерге Алғыс хат берілді.