Транскаспий бағытында жаңа бағдар

Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің жетекші операторларының бірі болып табылатын «KTZ Express» компаниясы жүк пойызын жіберуді енді Еуропа-Қытай бағытында жүзеге асырады. 12 желтоқсан күні Ақтау халықаралық теңіз сауда портына Түркиядан Қытайға Транскаспий бағыты бойынша алғашқы экспорттық жүк пойызы келді.

Стамбулдан 4 желтоқсанда ТМТМ бағыты бойынша жөнелтілген пойыз Грузияға дейін теміржол арқылы келіп, Әзербайжанның Баку портынан қазақстандық «Бекет ата» кемесіне тиелген. 42 контейнерден тұратын пойыз маршрутының жалпы ұзындығы 8 693 км құрайды. 

Бұл – 2 құрлық, 2 теңіз және 5 ел. Пойыздың жөнелтілуін Түрік темір жолдарының ресми операторы Pasific Eurasia Logistic компаниясы қазақстандық «KTZ Express» ұлттық мультимодальдық көліклогистикалық компаниясымен серіктестікте ұйымдастырды. 


Пойыз Түркия аумағы бойынша 2 323 км, Грузия аумағы бойынша 220 км, Әзербайжан аумағы бойынша 430 км, Каспий теңізі арқылы 420 км, Қазақстан аумағы арқылы 3200 км жүріп, Қытайдың Сиань қаласына барады. 

Арнайы келіссөздер нәтижесінде Түркия елінің тауар өндірушілері қазақ жерімен өтетін тасымалдың қауіпсіз және жедел екендігіне көз жеткізіп, тасымал уақытының бар-жоғы 12 күнді құрайтынын басты нысанаға алып, жүктерін Қытайдың Сиянь провинциясына Қазақстан арқылы аттандырған. 

Түркия мемлекетінде өндірілетін электрондық тауарлар тиелген контейнерлік пойыз еліміздің теңіз қақпасына дейін су жолымен 8600 шақырым жол жүріп келген. Ендігі 3200 шақырымды Қазақстан ішінде жүріп өтіп, Алтынкөл арқылы Қытайға жетпек. 

Айлаққа алғашқы экспорттық контейнерлік жүкті қарсы алуға өз елінің байрағын көтеріп Түркияның Ақтаудағы бас консулы да келді. Екі ел арасындағы елші Мұзаффер Ақйылдырым: «Бұл бағыттың Түркия үшін де, бауырлас қазақ елі үшін де маңызы зор, біз өз тауарларымыздың сенімді жол арқылы Қытайға жететініне қуаныштымыз» деді. 

Сондай -ақ, бұл күні Ақтау портына Сианнан Стамбулға кері бағытта жүретін тұрақты қарсы пойыз да портқа табан тіреді. Екі елдің жүк контейнерлерінің айлақта түйісуі қазақстандық «Бекет ата» кемесіне тауарларды кері жүктеуге мүмкіндік беріп, кеменің бір сәтке де бос тұруына жол берілмейді. 

Тұрақты тасымал мен сапалы сервиз жаңа нарықтарды игеруге жол аша бермек. Екі алып елдің аманаты қазақ жерінде тоғысып, теміржол және теңіз платформаларында жүктеу операциялары басталып кетті. Қазақстанның Ақтау портында кемені теміржол платформаларына тексеру мен қайта тиеуді қоса алғанда, барлық қажетті операциялар жүктің сақталуының барлық параметрлерін ұстана отырып, қажетті санитарлықэпидемиологиялық нормалар қадағаланып жүзеге асырылды. 

«Түркиядан Қытайға контейнерлік пойызды ұйымдастыру – бұл Транскаспий халықаралық көлік бағдарына қатысушы елдердің табысты өзара іс-қимылының нәтижесі болып табылатын үлкен қадам. ТХКБ-ны дамыту үшін Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай заманауи логистикалық инфрақұрылым құрылып дамуда және қолайлы тарифтік жағдайлар қамтамасыз етілген», – дейді KTZ Express басшысы Дмитрий Абдуллаев. 

Жаңа маршрут осылайша Транскаспий бағытымен ТРАСЕКА жобасын толықтыра түспек. Әлемдік өркениет тарихында атауы аңызға парапар «Ұлы Жібек жолы» сонау орта ғасыр дәуірінде Батыс пен Шығысты жалғастырған болса, бүгінгі күнде де осы үрдіс өз жолынан айныған емес. Оған құрлықтағы екі алып мемлекеттің ежелгі жібек жолының жаңарғанжаңғырған бағытымен Қазақстан арқылы басталған жаңа бағдар айқын дәлел.

Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ