«Түрксіб толғауы» жырының тұсауы кесілді

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

Түрксіб теміржолының 90 жылдық мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралар індетке байланысты ішінара шектелсе де, бұл дата ескерусіз қалған жоқ. Теміржолшы қауым елорданың төрінде ұйымдастырылған халықаралық конференцияны онлайн түрде тамашалап, бір марқайып қалды. 

Осы шарада ұлы құрылыстың мерейтойына арнайы жазылған «Түрксіб толғауы» жырының тұсауы кесілді. Әлі сиясы кеппеген толғауда заманның қиын кезеңіне қарамастан жалаңаш қолмен алып теміржол құрылысын салған жұмысшы күшіне құрмет байқалады. Көз алдыңызға еңбек майданында піскен ерлердің тынымсыз әрекеті, қайла мен күрек ұстаған құрыш білектілердің «тауды бұзып, тасты жарып» дүрсілдеткен еңбегі, тарихи сәт – қос рельстің түйіскен сәті елестейді. 

Әні мен сөзі қатар өрілген жыр-толғау әр теміржолшының кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатқаны анық. Толғаудың сөзін жазған белгілі журналист, ақын Төреғали Тәшенов болса, әуенін жазған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйшісазгер Шәміл Әбілтай. Сазгердің орындауында тұңғыш рет тыңдарманымен қауышқан «Түрксіб толғауы» қалай туды? 

– Қазақстанның теміржол тарихы Түрксібтен бастау алатыны белгілі. Орта Азия мен Сібір магистралін қосу мақсатында салынған теміржолға сол кездің өзінде «Ұлы құрылыс» деген баға берілген. Мәтінін жазу барысында бұрын да өзім білетін, оқып жүрген дүниелерден бөлек қосымша тағы да тарихына көз жүгіртіп, кітаптармен танысып шықтым. Құрметті теміржолшы, еңбек ардагері Қалтай Сәмбетов те тың дүниелермен бөлісіп, бізге рухани қолдау білдірді. 

Түрксіб тарихы керемет, небәрі үш жылда техникасыз-ақ 1,5 мың шақырым жол салу деген, сол заманда керемет қой. Семей мен Луговойдан келіп «Айнабұлақ» бекетінде түйіскен жолдың ашылуы – бір тарих. Киіз үй сияқты макет жасап, пойызды соның астынан өткізген. Қандай керемет десеңізші! Халық қатты әсерленген екен. 

Бұл теміржол ашаршылық заманында көптеген адамды құтқарып қалды, Қазақстанға құт әкелді. 

Қысқасы, толғауда халықтың еңбегін көрсетуге тырыстым. 

 «Қазақстан темір жолы» компаниясының тоқсан жылдықты ұйымдастырған тобы оған бейнебаян түсіріп, халықаралық конференцияда Шәкеңнің өз орындауында көрсетті. Жұрт жақсы бағалады. Меніңше, бұл толғау Түрксібке арналған ескерткіш іспеттес дүние болды, – дейді сөзін жазған автор Төреғали Тәшенов. 

– Осыдан бір ай бұрын Қазақстан темір жолының Алматы бөлімшесінің басшылығы мен ардагерлері тарапынан ұсыныс болды. Алдымен сөзінің жазылғанын құп көріп, Төреғали Тәшеновке хабарластым. Сөзді тірілтіп, әуенге айналдырдым. Сол сәтте пойыздың доңғалағының даусы құлағыма келсін бір. Әуен нөсер жаңбыр сияқты құйылып отырды. Осы туынды арқылы адамдардың қажырлы еңбегін жеткізуге тырыстық. Түрксібтің 90 жылдығына орай өткен конференцияға қатысушылар жылы қабылдады. Авторы ретінде бізге одан артық абырой бар ма?! – деді толғаудың әнін жазған және орындаған күйші-сазгер Шәміл Әбілтай. 

Құрметті теміржолшы, сала ардагері Қалтай Сәмбетов 90 жылдық торқалы тойға шашу болған жыл-толғау көпшіліктің жүрегінен өзіне лайықты орын алады деген сенімде. 

– Әлемге жалаң қолмен салынған ұлы құрылыс ретінде даңқы танылған Түрксіб туралы кезінде жыр да, ән де туды, роман да жазылды. Бір ғана Қастеевтің «Түрксіб» деген туындысы неге тұрады?! Міне, сол өнер туындыларының қатарын ақын Төреғали Тәшенов пен белгілі күйші-композитор Шәміл Әбілтайдың «Түрксіб толғауы» атты бірлескен туындысы толықтырып отыр, – деді ардагер.