Тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек көрсетілді

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Бұрынғы Луговой, бүгінгі Түрксіб станциясына жолымыз түсті. Ақшаңқан ғимараттың маңдайшасына «Түрксіб станциясы» деген атауы әлі іліне қоймапты. Перронда шойын жолдың ұшар басына көз тастап мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бюсті тұр. 

 Түрксіб станциясының бастығы Тимур Қисанов, ал оның орынбасары Ердәулет Төлековпен мұның алдын Үшбұлақ станциясын басқарған кезінен таныспын. Сауатты, жас та болса өз ісінің маманы. Ұлттық компанияның «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі. 

Станция бастығының айтуынша, халықаралық маңызы бар станция көбінесе Бішкекке жөнелтілетін, келетін тауарлы пойыздарға қызмет көрсетеді. Десе де, пандемиялық жағдай басталғалы халықаралық теміржол қатынасы біршама сиреп қалған. Теміржолшылар карантин талаптарын барынша сақтап жүр, барлығында медициналық бетперде бар. 

Вокзалға кіріп-шығу есіктері қатаң бақылауда. Әр бұрышқа, адам көп жүретін тұстарға антисептиктер қойылған. 

«Біздің жұмысымыз онлайн істеуге келмейді. Сондықтан біз карантиннің талаптарын толық сақтап, жүз пайыз штатта еңбек етіп келеміз. Пандемияның салдарынан жүк тасымалы айналымында төмендеулер болғанымен, негізінен өзіміздің өндірістің жөнелтілімдері тоқтаған жоқ. 

Біздің станция «Эделби», «Иманалиев», «Максимханов», «Виорстрой», «РеалГаз» сынды мұнай-газ, құрылыс салаларының серіктестерімен жұмыс істейді. Мұның бір айдағы айналымы 130-ға тарта вагон, яғни 7800 тоннаны құрайды», – деп өтті Е.Төлеков. 

Түрксіб станциясының ұжымы қайырымдылыққа ден қойған. Карантин режимі кезінде көптеген тұрмысы төмен, материалдық жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеттерін жеткізіп беріп, денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық бұйымдармен, препараттармен көмектескен. 

Ал өткен айда 400 мың теңгенің басын құрап, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына киім-кешек алып берген. «Бұл жолы бізге Платформа А» ЖШС директоры Серік Бапиев пен оның орынбасары Рүстем Смағұлов үлкен көмек көрсеткенін айрықша атап өтуге тиіспіз», – деді Ердәулет Мырзаханұлы. Бұдан бөлек, ауылдағы бірнеше отбасыға бір тоннадан көмір жеткізіп бердік, мешітке көмек жасаған.