Тарихи кітаптың тұсауыкесілді

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

Биыл Түрксіб теміржолымен түйдей құрдас Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі де 90 жылдығын шамашарқынша атап өтуде. Ірге- тасы қаланған күннен бері теміржол саласына қажетті мамандар дайындауды қолға алған оқу орны бұл тарихын жылнама парақтарына жазып қалдырды. 

Мерейтой құрметіне орай, оқу орнының қалыптасуы мен даму кезеңі, сондай-ақ 90 жылда бағындырған белесі жайында «Түрксібке тірек болған» атты кітап жарық көрді. Мұнда колледждің аяқтан тұруына атсалысқан теміржолшылар мен оған әр жылдары басшылық етіп, дамуына үлес қосқан басшылар естелігі жинақталған. Ортақ мүдде – сапалы маман даярлау. Оқу орнының жетістігін сараласақ, бұл үдеден шыққанға ұқсайды. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінде теміржол саласында еңбек етіп жатқан мыңдаған теміржолшылар – осы оқу орнының түлектері. 

Кітаптың тұсаукесері онлайн өтсе де, дәстүр сабақтастығын үзбеген колледж ұжымы алдыңғы буын ағаларды құрметтеп арнайы шақырыпты. Серік Нүсіпбеков, Жантілеу Азизханов, Қуандық Баймұхамбетов сынды ардагерлер арнайы келіп, жүрекжарды тілегін білдірді. «Бұл жай ғана кітап емес, бұл – осы оқу орнының шежіресі. Екі ғасырдың шежіресі осы кітапта тасқа басылып жазылған» деді кітаптың тұсаукесерін жасаған Қазақстан Республикасының құрметті ұстазы, Құрметті құрылысшы, Ы. Алтынсарин медалінің иегері Жантілеу Нұршайықұлы. 

Колледж директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ержан Нүсіпбеков өз сөзінде «Түрксібке тірек болған» деп аты айтып тұрғандай, оқу орнының тарихы биыл 90 жылдығы аталып отырған атақты Түрксіб тарихымен сабақтас, тамырлас жатқанын мақтанышпен айтты. «Мен теміржолшы боламын» деп осында келетін қаракөздер кешегі Түрксіб құрылысшыларының немересі, шөбересі. Бұл – біз үшін үлкен мерей», – деді. 

Оқу орнының шежірелі тарихынан сыр шертетін кітаптың жетекші авторы – колледж директоры Ержан Нүсіпбеков, құрастырушылар – Ұлтуар Біттібаева, Гүлайым Бейсетбаева және Меруерт Ахметжанова. Кітапта Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңдері, қол жеткен жетістіктері мен қиындықтарды шешу жолы сараланған. Одан бөлек оқу орнында сапалы білім беруді қамтамасыз етуге қажетті материалдық-техникалық база құрудағы басшылардың, ұстаздардың қосқан үлесі туралы кеңірек айтылады.

Кітап теміржол тарихын терең білгісі келетін әрбір жастың қажетті оқу құралына айналатыны сөзсіз.