Шымкентте «Кәсібі бойынша үздік» байқауы өтті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Осы жылдың 15 қазаны мен 15 қараша аралығында Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінде парк кезекшісі, орталықтандыру бекетінің операторы, вагон қараушысы, локомотив бригадасының машинистері арасында «Кәсібі бойынша үздік» байқауы өтіп, бірқатар теміржолшының мерейін үстем етті.

Байқаудың мақсаты – техникалық оқуды тиімді жүргізу және сапаны жоғарылату, жұмысшылардың білім деңгейін көтеру, тосын жағдайлар туындаған кезде жұмысшылардың әрекетін тексеру, нормативтік актілерді білетін, өз жұмысына кәсібилікпен қатар жаңадан шығармашылық шешім қоса білген жұмысшыны анықтау. Конкурсқа парк бойынша кезекшілер, Арыс, Шымкент, Қазығұрт, Сарыағаш, Түркістан, Түлкібас станцияларының орталықтандыру бекетінің операторлары қатысты.

Конкурс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде конкурсанттарды дауыс беру арқылы анықтады. Дауыс беру аяқталған соң жинаған дауыстар санына қарай есептеу жүргізіліп, конкурсқа 9 адам жіберілді.

Байқаудың екінші кезеңі еліміздегі коронавирус инфекциясына байланысты қабылданған ескертулерге орай жұмыс үстеліндегі жабдықталған веб-камера мен микрофон, дыбыс зорайтқыш арқылы Link-те өткізілді.

Жарыстың екінші кезеңіне өткен операторларға «Мен парк бойынша кезекшімін» және «Парк кезекшісінің өмірінен бір күн» атты видеоролик ұсынылды. Бұдан кейін «Блиц- сауалнама», «Сурет бойынша жауабын тап» атты жарыстар ұсынылды.

Конкурстың қорытындысы бойынша ең жақсы нәтижелерді Сарыағаш станциясының парк кезекшісі Ж.Тұрлыбеков пен Шымкент станциясының пост операторы Шолпан Омарова көрсетті.

Ал Арыс локомотив пайдалану депосында да (ТЧЭ-32) үздік машинисті анықтайтын байқау өткізілді. Іріктеуден өткен 11 машиниске қозғалыс қауіпсіздігі мен апат, оқыс жағдайларда қандай шешім қабылдау керектігі, авариялық ситуациядан шығу жолдары туралы сұрақтар қойылды. Машинистер арасынан суырылып шығып топ жарған К.Байменов бірінші орын, екінші орынды машинист Р.Бердібаев, үшінші орынды М.Базарбаев иеленді.

Түркістан локомотив пайдалану депосында (ТЧЭ-33) қатысушыларға мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс берілді.

Мұнда қатысушыларға «Машинист – қозғалыс қауіпсіздігінің кепілі», «Тепловоз машинисінің бір күні» атты видеороликтер дайындалды және «Блиц-сауалнамадан» өтті. Бұл конкурстан 1-орынды машинист С.Ибасаров, 2-орынды Б.Қайқыбаев алды.

Арыс вагон пайдалану депосында (ВЧДЭ-30) «Үздік вагон қараушы» байқауының екінші кезеңіне 6 адам өтті. Байқаудың екінші кезеңі Қазығұрт станциясындағы ағыту-жөндеу аумағында өткізілді. Бірінші сайыста «Жүк вагондарын техникалық қарау» бойынша аз уақыт ішінде көп техникалық ақау тапқан адам жеңсе, екінші сайыс «іс жүзінде көрсету» сайысында аз уақыт ішінде ағыту құралын шашып-жинау, үшінші теориялық сұрақтардан мүдірмей өту болды. Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды Сарыағаш ПТО вагон қараушысы Н.Мүмінов, 2-орынды Түркістан ПТО вагон қараушысы Қ.Сатыбалдиев, 3-орынды Арыс ПТО вагон қараушысы М.Байжігітов иеленді.

Барлық жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Конкурс өз кезегінде санитарлық-дезинфекциялық режимде өткізілді. «Кәсібі бойынша үздік» байқауының қорытындысы селекторлық, планерлық жиында толықтай баян етілді.