Шеберлікті сынға салған сынақ

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Өз мамандығын жақсы меңгерген бір топ маңғыстаулық вагон қараушылар «Кәсібі бойынша үздік» онлайн-конкурсында бақ сынасқан болатын. Вагон қараушылардың біліктілігі мен шеберлігін сынға салған сынақты бақылаушылар жігіттердің шеберлігі мен білім-білігі- нен риза болысты.

Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өзге әріптестерінен оқ бойы озып шығып, айқын басымдылыққа ие болған Сай-Өтес вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушысы Рысбек Төлепбергеновке жететін ешкім болмады. Ол үш кезеңнен тұрған жарыстың үшеуінен де сүрінбей өтті. Бірінші кезеңде онлайн дауыс беру арқылы жарысқа қатысушылар анықталды, екіншісінде – өз мамандығына байланысты бейнеролик түсіру, соңғы кезеңде – бейнебайланыс арқылы билет алып, сұрақтарға жауап беру. Бірінші кезең бойынша Маңғыстау вагон пайдалану депосы жұмысшыларының ішінен Poll For All бағдарламасы арқылы жарысқа қатысушылар іріктелді. Олар: Бейнеу станциясы техникалық қызмет көрсету пункті (ТҚКП) бойынша вагон қараушы О.Сұлтанов, А.Андаев, Сай-Өтес станциясы ТҚКП вагон қараушы Р.Төлепбергенов, Э.Дауқараев, Маңғыстау станциясы ТҚКП-нен вагон қараушы Т.Сапарбаев, Б.Дүйсембаев, Өзен станциясы ТҚКП-нен Т.Тұрсынғалиев, Т.Сегізбаев, Болашақ станциясынан вагон қараушы А.Орсбаев.

Екінші кезеңге өткен вагоншылар өз мамандығы бойынша бейнеролик түсіріп, WhatsApp, Telegram, т.б. әлеуметтік желі арқылы материалдарын жіберген болатын.

Олар «Жолаушы вагондарын техникалық қызмет көрсету тәртібі», «Автотіркегіш ақаулықтары мен шаблон салуды көрсету», «Вагондарға 12-позиция арқылы техникалық күтім жасау тәртібі», «№873 шаблоны мен ломик-колибрді салып көрсету тәртібі», «Жұмыс алды және техникалық қызмет көрсету барысында еңбек қорғау тәртібі» тақырыптарына өз материалдарын дайындап ұсынды.

Байқаудың үшінші кезеңі толықтай WhatsApp желісінде өтті. Комиссия мүшелері қатысушыларға WhatsApp арқылы бейнеқоңырау шалып, билет таңдатып, 5 сұрақтан қойды. Жарыс қорытындысында сұрақтарға аспай-саспай дұрыс һәм тиянақты жауап беріп, өзге тапсырмаларда да көптің көңілінен шыққан үш вагон қараушы жеңімпаз атанды. Бірінші Сай-Өтестен вагон қараушыжөндеуші Р.Төлепбергенов 35,1 балл алса, екінші орынға 27,5 балл жинаған Маңғыстау станциясынан вагон қараушы-жөндеуші Б.Дүйсембаев лайық деп табылды. Үшінші орын болса, бейнеулік вагон қараушыжөндеуші О.Сұлтановқа бұйырды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 − Рысбек Төлепбергеновтің жұмысқа деген ынта-жігері мол, өз міндетін жүрдімбардым емес, ықыласпен атқаратыны көңілден шығады. Өзі отыздан енді асқан болса да жинаған тәжірибесі мен біліктілігі жақсы.

Білгенін өзгелермен үнемі бөлісіп жүреді. Жаман қырын көрген емеспіз. Қашанда әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста.

Жұмысқа 2008 жылы вагон жөндеуші болып орналасқан. 2009 жылдан осы жылға дейін вагон қараушы-жөндеуші жұмысында болатын. Биылдан бастап аға вагон қараушы.

Оның түсірген бейнеролигі технологиялық үрдіс бойынша вагондарға техникалық күтім жасауда вагон қараушылардың вагонды қалай қарау керектігі және қандай позицияда қай бөлшектер қаралып, жөнделетінін көрсетеді.

Бұл жұмыстағы өте қажетті процестердің бірі саналады, – деп сипаттама берді бірінші орын алған әріптесі туралы Сай-Өтес станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің нұсқаушысы Манарбек Жаңбырбаев.