Тасымал үдерісінде адам факторы жоқ

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – Ақтөбе бөлімшесінде теміржол көлігіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, болдырмау мәселелерін талқылаған кездесу өтті. Қоғам дерті боп тұрған өзекті тақырыпқа арналған шараға барлық теміржол мекемелерінің басшылары мен агенттік өкілдері қатысты.

Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Бөріхан Беркімбаев қауіпсіздікті жоғары қоятын теміржолшылар жемқорлық көріністерінің алдын алу жұмыстарына қатысты шараларды тұрақты өткізіп, түрлі шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта бөлімше орталығында мекеме басшылары қабылдау жүргізетін «ашық терезе» кабинеті бар. Онда басшылық құрам арнайы тәртіппен қабылдаулар өткізіп, теміржолшылар мен қала тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін тыңдайды. 

Салалық қызметте жұмысқа қабылдау, жүк жөнелтуші клиенттермен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді болдырмаудың алды алынған. Тасымал процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құжат рәсімдеу жұмыстарының толықтай электронды нұсқаға ауысуы компания жұмысына оң өзгерістер әкелгені айтылды. 

«Ақтөбе бөлімшесі бойынша 2020 жылдың 11 айында тасымал қызметінде 299 862 құжат рәсімделген. Оның тоқсан пайыздан астамы электронды нұсқада жасалды. Бұл жерде тұтынушылар станцияға келмей, жүк жөнелту құжатын үйінде отырып рәсімдейді. Яғни, адами фактор мүлде болмайды. Құжатты электронды рәсімдеу жұмыстары нәтижелі. 

Мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып отырған сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мәселесіне іргелі ұжым ретінде негізгі міндет деп қараймыз», – деді Бөріхан Сматуллаұлы. 

Ұлттық бюро өкілдері елімізде мемлекеттік қызметкерлерден теміржолшылар санының көп екенін атады. Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген мемлекеттің жоқтығын айтқан құзырлы мекеме оның көріністері байқалмайтын Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін пайдаланып, жұмыс жасауға шақырды. 

Жүк тасымалына қатысты еліміз бойынша соңғы үш жылда 62 теміржолшы жауапқа тартылған. 

Құзырлы мекеме тарапынан жолсеріктерді жұмысқа қабылдау кезінде әңгімелесуге қоғам өкілдерін де қосу арқылы этикаға көңіл бөлу мәселесін жетілдіре түсу керектігі айтылды. Сонымен қатар болашақта перронға тек билеті бар жолаушыны өткізіп, шығарып салушыларды кіргізбеу туралы мәселені жан-жақты қарау ұсынылды. 

Және туыстық қарым-қатынастағы адамдардың бір бағытта жұмыс жасамауын қадағалауды тапсырды.