Межелі жұмыс мәреге жетті

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Пандемия індетінің салдарынан биылғы жыл әлем елдері үшін тар жол, тайғақ кешу жылы болды. Бірақ, осындай қысылтаяң шақта да тоқтаусыз жұмыс істеп, тіршілік тамырына қан жүгірткен темір жол саласы жұмысын тоқтатқан жоқ.

Тоқтату былай тұрсын, теміржолшылар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, межеленген жоспарлы жол жөндеу жұмыстарын да мерзімінде орындап шықты. Жыл басында өндірістік бағдарлама шеңберінде биыл ел теміржолының 416,16 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңарту жоспарланған  болатын.  

Елде індеттің қарқынды тара-луымен жоспарланған жұмыстың ырғағы бұзыла ма деген уайым да болмады емес теміржолшыларда.  

Алайда, жол шаруашылығының майталмандары індеттен қорғанудың  барлық талап-шарттарын сақтай отырып, межелі жұмысты жоспарға сай қолға алып, мерзімінде бітірді. Мердігерлік тәсілмен 346  шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтсе, қалған жол көлемін, яғни 70,1 км жолды Ақадыр ПЧМ мекемесі жауапкершілігіне алып, шаруашылық тәсілмен жүргізді.  

Атап өтерлігі, шаруашылық тәсілмен және мердігерлік тәсілмен жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары арнайы дайындалған  жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалған. Айталық,  біріншісінде, SMD-80 техникасын балласты тазалап әрі толықтыра отырып шпалды ауыстыруға, ал RM-80, ХДВ, ЭЛБ, ВПО-3000,  

Duomatic, DGS, PBR машиналар кешенін рельстердің орнын түйіспесіз рельс иіндерімен алмастыруға қолданыпты. Екінші тәсіл бойынша рельстер, шпалдар, балластарды тұтастай алмастыру барысында  УК25/9-18 кранын және ХДВ, ЭЛБ, ВПО-3000, Duomatic, DGS, PBR машиналар кешенін пайдалану арқылы жөндеу жұмысы  жүргізіліпті. Ал пойыздың жайлы жүрісін қамтамасыз ету үшін ПРСМ  рельсдәнекерлеу машинасын пайдалана отырып, блок учаскеге дейін түйіспесіз рельс иіндерін дәнекерлеу шаруалары атқарылған.  

Күрделі жөндеу жұмыстары барысында қолданылған материалдардың басым бөлігі өз елімізде шығарылған отандық өнімдер,  айталық, жол салуда негізгі материал санатындағы рельстер Ақтөбе рельсарқалық зауытының өнімдері болып табылады.  

Ала жаздай, қоңыр күзге дейін жалғасқан жолжөндеу жұмыстары мәресіне жетіп, нәтижесінде күрделі жөндеу жүргізілген теміржол телімдерінде жолаушы және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігінің артуымен қатар, теміржол көліктерінің жүріс  жылдамдығы да ұлғая түспек.