Машинист. Басшы. Ұстаз

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қазақстан темір жолы өзінің ғасырлық тарихында талай тарландарды өсіріп, тәрбиелеп шығарды. Сондықтан да теміржолшы мамандығы – ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан кәсіп. Бүгінгі 21-ші ғасыр теміржолшылары да тәуелсіз мемлекет теміржолының тарихын жасаушылар болып саналады. Оның ішінде желтоқсанның 9-ы жетпіс жасқа толғалы отырған бүгінгі кейіпкеріміз Бисалиев Ыбырай Жолдасұлы да бар. 

Балалық шағы туған қаласы Гурьевте өтті. Бала кезінен көргентүйгендері, алғашқы арманы да оны теміржолға қарай бағыттады. Мектеп қабырғасынан кейін көп ойланбай Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтына түсті. Арада жастық шақтың ең тамаша кезі – студенттік 5 жыл да өте шықты. 

Институтты «Тепловоздар және тепловоз шаруашылығы» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-механик біліктілігін алып шыққан жоғары білімді маман туған жерге оралып, 1974 жылы ол кезде жұмысы қайнап тұрған Мақат локомотив депосына шебер болып орналасты. Бір жыл әскери борышын өтеп станцияға қайтып оралған соң жұмысты басынан бастауды теріс көрмеді.

Әуелі машинист көмекшісі, сосын машинист болып үш жылдай жұмыс жасады. Осы жылдарда локомотив тірлігінің әліппесін түгел меңгерді. 

1979 жылы локомотив шаруашылығы бойынша ревизор болып тағайындалды. Бөлімшенің жүрегі саналатын Мақат станциясынан сол кездері жүздеген пойыз өтетін. Олардың бәрін қабылдапжөнелтудің өзі үлкен күш, ал жөндейтіні, құрастыратыны, орындарын алмастыратыны, т.б. толып жатқан жұмыс теміржолшылардың мойын бұруына мұрша бермейтін қарбалас кезең еді деп еске алады кейіпкеріміз. Бұл жерде локомотившілерге басты салмақ түседі. Осы жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін де шеберлік керек. Жас маман Ыбырай Жолдасұлы жұмыстың алдыңғы легінде жүретін. «Жас келсе – іске» деп бекер айтқан ба және жұмысын ұтымды ұйымдастыра білетін алғырлығы да басшылық назарынан тыс қалған жоқ. 

Он шақты жылдан соң кешегі жас маман Гурьев локомотив депосының директоры, Гурьев жол бөлімшесі локомотив бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан теміржолы бойынша локомотив шаруашылығы қызметі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, Батыс аймақ темір жолының дамуына сүбелі үлес қосты. 

Одан кейінгі қызметі Астанада жалғасты: «ҚТЖ» РМК Локомотив шаруашылығы департаменті бастығының орынбасары, бастығы, «Локомотив» ЕМК жөндеу бөлімінің бастығы, техникалық нормалау басқармасының бастығы сынды жоғары лауазымдарды атқара жүріп, ел теміржолының еңсесін көтергендердің алдыңғы қатарынан табылды. Кейінгі он жылда «Локомотив» АҚ президентінің Батыс аймақ бойынша өкілі болып еңбек етті. «Ыбырай Бисалиев қандай қызмет атқарса да өзінен де, өзгеден де ең алдымен жауапкершілікті талап етті. Темір жолда болып жататын әр түрлі қиын жағдайларда тығырықтан шығудың тиімді амалын қарастырып, ұтымды шешім қабылдауға үйренген жан. 

Әріптестерімен қарым-қатынаста адал, жалпы темір жолды да, теміржолшы мамандығын да жақсы түсінетін адам» дейді ол туралы атыраулық әріптестері. Бұл сөзді депоның қазіргі басшысы Қуаныш Таутанов та қолдайды.

«Сол кісілердің салған сара жолымен келеміз» дейді ол. Бүгінде де Ыбырай Жолдасұлы зейнеттемін деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Ақтөбедегі Баишев атындағы университетте «Инженерия және көліктік қызметтер» кафедрасында аға оқытушы болып шәкірт тәрбиелеуде. 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстары мерзімді баспасөзде («Вестник КазАТК», «Поиск», «Магистраль», «Вестник АУ им. Баишева») жарияланған. 

2013 жылы «Локомотив бригадалары үшін», 2015 жылы «Тепловозы» оқу құралдарын және қазақ тілінде «Қозғалысты және локомотив паркінің жұмысын басқару», «Тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» сынды оқулықтарын шығарды. 2000 жылы «Құрметті теміржолшы» атанды, және «Адал еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» марапаттарының да иегері. Кешегі атыраулық әріптестері, барша батыстық теміржолшылар мерейгерді құттықтап, денсаулық пен бақыт тілейді. Тілекке барша локомотившілер қосылады деген сенімдеміз. 

подписка на казахском