Тауарға салық төлеуден жалтармақ болғандар анықталды

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

Достық станциясы Қытаймен шекаралас бекет болғандықтан ары-бері өткен жүк құрамдары қатаң тексеруден өтеді. Олар станциядағы кеден бекеті қызметкерлерінің жіті қадағалауында. 

Кеденшілердің қызметі түрлі қылмыстық жымысқы әрекеттің алдын алып жатады. Жуырда Достық бекетіндегі «Теміржол» кеден бекетінің және көлік прокуратурасының қызметкерлері Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарымен бірігіп, 2 жүк пойызы контейнерін тексерген болатын. 

Контейнерді тексеру нәтижесінде Қырғызстан республикасы, Ош қаласынан «Жібек Лайф» компаниясына тиесілі жүк күмән туғызған. Яғни, алдымен жүк контейнеріндегі тауардың салмағы шамадан асып кеткені анықталды. Сондай-ақ, кедендік бақылау жүргізген кезде 2893 жүк орнына 3 түрден тұратын әр түрлі құрамдағы мата тәркіленген. Оның салмағы – 43 985 кг құрайды. Декларациядан өтпеген тауардың кедендік құны 202 млн 985 мың 956 теңге болса, мемлекет бюджетіне құйылуы тиіс кедендік төлем мен салық 38 млн 827 мың 877 теңгені құраған. 

Бұл қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға дерек жеткілікті дейді мамандар. «Голден Лидер» мекемесіне қатысты барлық материалдар Алматы облысының мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Бұл іс жөнінде ҚР Қылмыстық Кодекстің 234-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Қазір алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Достық шекаралық бекетінде Қытайға өтетін жүк вагондарын тексеру кезінде анықталатын мұндай келеңсіздіктер тексерушілердің жіті назарынан тыс қалмайды. Бұл жолы да артық шығынданбай, тауарға салық төлеуден жалтармақ болғандар әрекеті әшкереленген.