Жосалылық теміржолшылар жыл басынан бері межені 96% орындады

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің Жосалы станциясы пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, компания мен бөлімше басшылығы бекіткен тапсырмаларды межеден асыра орындап отыр.

Жосалылық теміржолшылар жыл басынан бері 131 вагонға жүк тиеу жоспарын 126 вагонға жеткізіп, межені 96,18 пайызға орындап, 8642 тонна жүк тиеген. Жалпы жыл басынан бергі бекітілген өндірістік жұмыс жоспарын 96,18 бен 239,5 пайыз аралығында атқарған станциялықтар жылды жоғары көрсеткішпен тәмамдауға бел буған. 

Әріптестерінің атқарған жұмыстары жайлы Жосалы станциясының бастығы Бауыржан Баянов ұсынған мәліметтерді таратып айтар болсақ, жосалылық теміржолшылар 1221 вагоннан жүк түсірудің бекітілген межесін 1250 вагонға жеткізіп, жоспарды 102,37 пайызға, 68,6 тонна статистикалық жүктеме жоспарын 100,0 пайызға, вагон құжаттарын рәсімдеу кезіндегі 3,64 сағат бос тұру мерзімін 1,53 сағатқа азайтып, межені 237,9 пайызға орындапты. Және де станцияның жұмыс паркінің 218 вагонға есептелген көрсеткішін 91 вагонға жеткізіп, жоспарды 239,5 пайызға орындаған.

Төрт ауысыммен жұмыс жасайтын станциялықтардың күндізгі ауысымын да сегіз, түнгі кезекте он шақты теміржолшы жұмыс жасайды екен. Олар аймақтағы эпидемиялық жағдайға байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауға дағдыланған. Жұмыс алдында пысықтау инструктажы мен дәрігерлік бақылаудан өткізілетін теміржолшылар әрбір қимылын сақтықпен, байыппен орындап, жұмыс жағдайына қатысты өзге адамдармен тілдескенде де арақашықтықты сақтауды естен шығарған емес. 

– Қазіргі пандемиялық жағдайға байланысты әріптестерімнің техникалық сабақтарға қатысты жұмыстар онлайн жүйесімен әр тоқсан сайын өткізілуде. Әр тоқсанда атқарылған жұмыстарға байланысты, бекітілген тапсырма, нұсқаулықтардың ретіне қарай тест сауалдары беріліп басшылықтың назарына ұсынылып, нәтижеленеді. 

Әзірге тест тапсыру, оны өткізу секілді техникалық пысықтау сабақтарына қатысты сауалдар толық шешілген деп айта аламыз. Тапсырылған жұмыстар дер уақытында орындалып, әркім кәсіби жауапкершілік шеңберінде жұмыс жасаудамыз, – деді станциядағы ұйымдастыру жұмыстары жайлы сөз қозғаған Бауыржан Баянов. 

Станция теміржолшылары жыл басынан бері бекетке аялдаған 17 жүк пойызынан 706 вагонды ажыратып, 40 пойызға 1372 вагонды құрастырған. 

Осы уақытқа дейін 1985 вагон ажыратылып, 1647 вагон тіркелген. Осылайша тіршілік-тынысы тәулік бойы толастамайтын станцияда қысқа қарай жұмыс тіпті қыза түскен. Ары-бері ағылған жүк құрамалары, көмір тасымалы толассыз жүріп жатыр. Әрине, ең алдымен пойыздардың қауіпсіз қозғалысын сақтауды мақсат еткен теміржолшылар еңбек ететін жерде қателік те аз болмақ, Жосалыда ағымдағы жылы өндірістік апат, бақытсыз жағдай орын алмаған. 

– Жауапты өндірістік жұмыстарды атқару кезінде әріптестердің бір-біріне өзара жәрдемі мен ынтымақты болуы да маңызды. Бір ұжымда жұмыс жасайтын олар қай кезде де бір-біріне қарайласып, қажет болса көмектесіп, тапсырмаларды дер кезінде орындауға дағдыланған. Бәріміз, айналып келгенде, бір нәтижеге жұмыс жасаймыз ғой. Пойыз құрастырушылар Қожабай Бижанов, Қуандық Істібаев, станция кезекшілері Бақыт Пірмаханов, Алтынбек Мұхтарбаев, парк кезекшілері Әлихан Рысбаев пен Қайырбек Жалғасбаев, станция кезекшісі жанындағы операторлар Гүлнәр Нұрмаханова мен Айгүл Саймағанбетова, техникалық кеңсе қызметкері Ақжанат Ақылбекова мен Бақытгүл Әбілова, тауар кассирлері Жұмагүл Балмахова мен Гүлбану Әбішова, жүк қабылдаптапсырушылардан Рүстем Майханов пен Әсем Өтегеновалардың қайқайсысы да жауапкершілікті алдымен ойлайтын тәжірибелі теміржолшылар, – деді станция бастығы.