«Сұрыптау дөңесі» айлығы өтуде

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бойынша 10 қарашамен 10 желтоқсан аралығында «Сұрыптау дөңесі» айлығы жүріп жатыр. Мақсат – өндірістік жұмыстар үздіксіз жүретін сұрыптау дөңесінде қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне ықпал ету. 

Жалпы жыл басынан бері өткен 10 ай ішінде еліміздегі станциялардың сұрыптау дөңестерінде жылжымалы құрамның 3 рет жолдан шығып кету оқиғасы тіркелді. 

Оның негізгі себептері – тежегіш табанның жарамсыздығы және дұрыс қойылмауы болып отыр. 

Бұл оқиғалар Шымкент, Тобыл, Павлодар станцияларында болған. 

Осыған байланысты барлық станциялардағы осындай дөңестер жұмысын қатаң бақылауға алу үшін алдын алу шараларын қамтамасыз ететін жеделхаттар жолданды. 

Айлық аясында Маңғыстау ЖТ бөлімшесі басшылығы да тиісті шаралар қабылдап, сұрыптау дөңесінде жан-жақты тексеру жүргізуде. Ең алдымен станциялардың сұрыптау жүйесіндегі жұмысшылардың білімін арттыру, жауапкершілігін күшейту, кәсіби біліктілігін көтеруге көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар станция қызметкерлерінің, пойыз құрастырушылардың және тағы басқа қызметкерлердің қызметтік міндеттерін, технологиялық процестерді білуін тексеру де көзделуде. Сұрыптау дөңесіндегі жұмысшылардың пойыздар қозғалысымен тікелей байланысты бұзушылықтарға жол беру себептері мен жағдайларын егжей-тегжейлі зерттеуге нұсқаулық өткізу жоспарланып отыр. 

«Тексеруді жүргізу үшін станцияның төмен қуаттағы сұрыптау дөңесі жұмысы бойынша нұсқаулықты негізге алдық. Ол нұсқаулықта станцияның сұрыптау жүйесінің техникалық сипаттамасы, вагондарды қайта өңдеу технологиясы, сұрыптау дөңесі жұмыстарын қалай ұйымдастыру керектігі, құрастыру паркіндегі маневрлік жұмыстарды ұйымдастыру реті түсінікті жазылған. Осыған қарап жұмыс жүргіземіз», – дейді Маңғыстау ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов. Оның айтуынша, барлық дөңестерде осы нұсқаулықта көрсетілген технологиялар сақталуы керек, егер сақталмаса, ондай жұмыстар вагондарды қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін.