Әлеуметтік жауапкершілік жоғары

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев ұлттық компанияның даму бағыты, еліміздің экономикалық құрылымына қан жүгіртіп отырған донорлық саланың әлеуметтік жауапкершілігі жайлы теміржолшылармен кездесуінде жан-жақты әңгімелеп берді. 

«Соңғы жылдары темір жол саласы заманауи өзгерістерге бет бұрып, бизнесклиматын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту саясатын жаңартты. Цифрлық технологияның пайдалану өрісі кеңейді. Әлемге дағдарыс әкелген пандемия жағдайында көлік-логистикалық сектор экономикалық өсімнің басты драйверлерінің бірі бола алды. Бұл – саладағы жүйелі даму нәтижесінің көрінісі», – деп сөз бастаған Бөріхан Сматуллаұлы ұлттық компанияның жетістіктеріне тоқталды. 

«Қазақстан темір жолы өзінің бизнес моделінде логистикалық және тасымал активтерін, көліктің барлық түрлерінің терминалдық және магистральдық инфрақұрылымын біріктіретін саланың басты бөлімі. Компаниямыз корпоративтік әлеуметтік саясатын іске асыруды тоқтатқан жоқ. 

Жұмысшылар алдындағы, шалғайдағы станциялар мен жол айрықтарының тұрғындарын медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап келеді. Жұмысшылардың отбасы мүшелеріне де әлеуметтік қолдау көрсету бар», – деген Бөріхан Беркімбаев Ақтөбе ЖТ бөлімшесінде азаматтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау мәселелері тұрақты бақыланып отырғанын, еңбек құқықтарын қорғау үшін түскен арыздар бойынша келісім комиссиясы жұмыс жасайтынын да айтып өтті. 

Атап айтсақ, әлеуметтік мәселелер бойынша жыл сайын теміржолшылар үшін купе вагондарында жол жүру шығындары, медициналық қызмет көрсету, жасанды тіс салдыру, зейнет жасына толуына орай және I, II топтағы мүгедектерге жәрдемақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар, әйелдер 55, ер адамдар 60 жасына орай біржолғы сыйақы алады. Көлік қызметкерлері күні және ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай теміржолшыларға материалдық көтермелеулер беріледі.

«Өздеріңіз білетіндей, жылда теміржолшылардың балаларына жазғы сауықтыру демалыс орталықтарына жолдама беріліп, жаңажылдық мерекелер өткізіліп, сыйлықтар беріледі. Әрине, биылғы жағдай өзгеше. Індетке байланысты көптеген шараларға шектеу қойылды. Десек те, онлайн байқаулар өткізу арқылы бүлдіршіндерді сыйлықсыз қалдырған жоқпыз. Ерікті жастар карантин кезінде де қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. 

Ардагерлеріміз бен көпбалалы отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды, оларға алғыс айтамын», – деді Беркімбаев. 

Ақтөбелік бас теміржолшы компанияның әлеуметтік көмектері теміржолшыларды жігерлендіре түсетініне сенімді. «Атап айтсақ, 3,4,5 класты станцияларға жұмысқа қабылданған жас мамандар орналасуына байланысты материалдық көмек алып, 2 жылға дейін еңбекақысына 20 пайыз қосымша үстемеақы төленеді. 

Теміржолшылар балалы болғанда және бала асырап алғанда материалдық көмек алады. Және де 1 қыркүйекте мектепке барған балаларға, соның ішінде 3 және одан да көп баласы бар отбасыларға, сондай-ақ жалғызілікті аналарға қаржылай көмек беру жолға қойылған. Және отбасы күніне орай 4 және одан да көп баласы бар отбасына материалдық көмек беріледі. Балаларды қорғау күніне орай материалдық көмек те қарастырылған. Жастар күніне орай «Жас теміржолшы отбасы» байқауының жеңімпазы болғандар жыл сайын марапатталып келеді», – деді. 

Бөріхан Сматуллаұлы Ақтөбе бөлімшесінде әлеуметтік мәселелер талапқа сай орындалып отырғанын айтып, әріптестерін еңбек майданында қарқынды жұмыс жасауға шақырды. 

Тоғыз жолдың торабында отырған ақтөбелік теміржолшылар жүк тасымалында көрсеткіші жоғары. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» және Ресейге қатынайтын транзиттік байланыс жыл санап артып келеді.