Пандемияның кері әсері

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі бойынша осы жылдың он айында тиелген жүк көлеміне пандемия кері әсерін тигізгенін байқатты. 

Логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімі жүк артудың азайғанын елімізге COVID-19 коронавирус індетінің таралуына орай төтенше жағдайдың енгізілуімен байланыстырады. 

Сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша да карантин жариялануы жүктер артылымының төмендеуіне ықпал еткен. Жүк артуда жоспар бойынша 147 010 вагон болса, ол 149 185 вагон – 8 859 556 тоннаға жетіп, меже 102,6% асыра орындалған. Ал техникалық жоспар бойынша 144 080 вагон, нақты орындалғаны 149 185 вагонға жетті. Дегенмен, өткен жылдың он айымен салыстырсақ, жүк 97,9% тонна, 4251 вагонға азайған. 

– Текесу станциясындағы клиентіміз «UTSL» ЖШС 9708 вагонды жөнелтпей қалды. Оның себебі, қаңтар айындағы акциз бағасының қымбаттап кетуі және тұтынушыдан тапсырыс түспегені әсер етті. Тоғыс станциясында «Шымкентцемент» АҚ да құрылыс материалдарын тиеуді тоқтатқан. Себебі зауытта 3 қаңтардан 16 ақпанға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлыхан Қанаев. 

Жоспар бойынша қара металл 1247 вагон 76975 тонна болса, соның 775 вагоны ғана тиеліп, 69% ғана жоспарды жапқан. Яғни жүк арту 472 вагонға азайып кеткен. 

18 вагоннан бас тартылған және 144 вагон игерілмей қалған, салдарынан 579 665 теңге айыппұл өндірілді. 

Өткен жылғымен салыстырар болсақ, жүк арту 77 пайызды құраған екен.  

Машина және құрал-жабдықтар артудың жоспары 171 вагон 3386 тонна болса, 114 вагоны артылған. 57 вагонға тасымал азайған. Қара лом металл 882 вагон артылып, жоспар 81 пайызға жеткен. Алайда, мұнда да тасымал 322 вагон-12527 тоннаға азайған. 

60 вагон қант, яғни 4040 тонна артылып, жоспар 36% құрады. Қант тасымалында да жүк арту 105 вагон-7185 тоннаға азайған. 25 вагон кері қайтарылып, 9 вагон игерілмей қалды, салдарынан 35789 теңге айыппұл өндірілді. 

Азық-түлік тауарлары да 128 вагонға азайып, жоспар бойынша 2528 вагон бекітілмей қалды. Ұн арту 4010 вагонды құрады. Ол да 403 вагонға азайып, бекітілмеген жоспардың себебінен 3222 вагон артылмай қалды. Мақта 725 вагон, 41 мыңнан астам тоннаны құрап, жоспардың 89 пайызы орындалды. Мақта артуда да 84 вагон «кері қайтарылып», 137 вагон игерілмей қалған. 

– Шымкент жүк тасымалы бөлімшесіндегі жүк арту өткен жылмен салыстырғанда 719 вагон 24009 тоннаға азайған. Техникалық жоспар бойынша статикалық жүктеме 58,84 тонна болса, нақты 59,39 тоннаға жетіп, 100,9% құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 58,97 тонна 100,7% орындалды, – деді Н.Қанаев.