Электровоз машинисі еңбек ер атандырды

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бір топ теміржолшысы түрлі наградалармен марапатталды.

Соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті теміржолшы» белгісі Жамбыл локомотив пайдалану депосының электровоз машинисі Әбдісапар Сүйіндіковке тапсырылды. 

Салтанатты рәсімде бөлімше директоры Үмітбек Рысбеков сөз сөйлеп, елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты сонау теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай ұсынылған марапаттар кеш те болса иесін тауып отырғанын жеткізді. 

Бөлімше басшысы апаттардың және пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың алдын алудағы ерекше қырағылық, батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсеткені үшін бірқатар теміржолшы өңіріне «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісін тақса, енді бірқатарын «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапаттады. 

Сондай-ақ «Үздік маман» атағын, Құрмет грамотасын, Алғыс хат еншілеген теміржолшылардың да мерейі үстем болды. 

Үмітбек Есмұратұлы ағымдағы жылы еліміз Түрксіб теміржолының 90 жылдыған атап отырғанын да айтып өтті. «Биыл теміржолшылар үшін аса табысты жыл болып тұр. Түрксібтің мерейтойын атап өту үстіндеміз. 

Одан бөлек, Әулиеата топырағына шойын жолдың тартылғанына 100 жыл толып отыр», – деді бөлімше директоры. 

Өңірдегі теміржол саласының дамуы жөнінде де сөз болды. Бөлімшеге қарасты 1 236 шақырым теміржолдың 90 пайызынан астамы электрлендірілген. Жаңғырту жұмыстарын жемісті жүргізу нәтижесінде жыл басынан бері бөлімше тәулігіне 3 927 вагон қабылдап, оның 3921- ін жөнелткен. Ал былтыр осы уақыт аралығында бұл көрсеткіш 3559 және 3557 вагонды құраған болатын.