Машинистке құрмет: 44 жыл еңбек өтілі бар Құрметті теміржолшы

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Саналы ғұмырын тепловоздың оң қанатында өткізген Кенжебай Қонқақұлы Майсұтов мерейлі 70 жасқа толды. Тарлан теміржолшының ізінен ерген інілері зейнеттегі әріптес-ағаны құттықтап, құрмет көрсетті. 

Қандыағаш локомотив пайдалану депосынан зейнетке шыққан Кенжебай Қонқақұлының еңбекке толы өмір жолы – әрбір жас маманға өнеге. Салада 44 жыл еңбек өтілі бар Құрметті теміржолшы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің алғыс хатымен де марапатталған. Омырауында қазақ теміржолының ардагері төсбелгісі де жарқырайды. 

«Сіз – өнегелі өміріңізбен жас теміржолшыларға үлгі бола білген, ел үшін еңбек еткен жансыз. Әрдайым бізге үлгі болып алдымызда жүріңіз» деген ТЧЭ-5 Қандыағаш локомотив пайдалану депосының басшысы Алмат Мақашев ардагердің иығына шапан жапты. 

Кенжебай ақсақал еңбек жолын 1967 жылы Қандыағаш жол дистанциясында қатардағы жолшы болып бастаған. Кейін локомотив машинисінің көмекшісін даярлау курсын аяқтап, Қазалы, Ақтөбе және Қандыағаш локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 

Екі жылдық әскери борышын Моңғолияда өтеп келген соң тепловоз машинистерін дайындау курсынан өтіп, Қандыағаш локомотив депосында локомотив машинисі болып жұмыс істейді. 

1991 жылдан 2006 жылға дейін локомотив бригадаларының машинист нұсқаушысы болды. 

2006 жылдан бастап 2009 жылдың мамыр айына дейін жұмысшыларды өндірістік оқыту бойынша нұсқаушы болды. Тепловоз машинисінің 1-ші дәрежелі біліктілігін алған. Зейнетке шыққанға дейін машинист болып, жолаушылар құрамын тасымалдады.