Түрксіб бойына ғаламтор келді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

«Семейтранстелеком» АҚ экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды жеделдету және оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қол жеткізу жолында тиянақты да тындырымды іс жүргізуде.  

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша шалғайда орналасқан шағын станцияларды ғаламтормен қамту мақсатындағы жұмыстар жыл аяғына қарай қарқын ала түскен. 

Осыған дейін Жаңа-Семей жол дистанциясына қарасты бірқатар шағын станциялар жаһандық желі игілігіне кенелсе, қазіргі таңда Аягөз өңіріндегі бірқатар елді мекендерді интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Қазіргі таңда байырғы Түрксіб магистралінің бойындағы көптеген шағын елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша «кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын сәтімен іске асыруда. 

Міне, осынау мақсатта, жуырда желі бойындағы шағын ғана Таңсық станциясының теміржолшылары интернет игілігіне кенелді. Сонымен қатар, аталмыш елді мекендегі көптеген әлеуметтік нысандарға да жоғары жылдамдықты ғаламтор тартылды. Ендігі аралықта теміржолшылар қауымы интернет арқылы теледидардан сапалы түрде қосымша арналарды да көру мүмкіндігіне ие болды. 

– Енді біз үшін интернет арқылы электрондық үкімет қызметтерін алу жеңілдеп, балаларымыз үшін қашықтықтан білім беру процесі де жеңілдейтін болды, ғаламтордың игілігін көретін болғанымызға қуаныштымыз, әсіресе жастар жағының қуанышында шек жоқ, – дейді бұл ретте Таңсық станциясының теміржолшылар қауымы. 

Бір бұл емес, Ақтоғай мен Аягөз, Жарма мен Шар станцияларының аралығындағы шағын станциялар алдағы жылдың алғашқы тоқсанына дейін интернетпен қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда аталмыш бағыттағы мәселелерді шешу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Транстелеком алдағы екі-үш айда Түрксіб бойын түгел жоғары сапалы интернетпен қамтуды мақсат етіп отыр.