Атыраулық теміржолшылар балық ауладан жарысты

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

«Көп болды Ақжайыққа бармағалы» деп басталатын әнде айтылғандай, жуырда бір топ теміржолшылар Жайық өзені жағалауына сейіл құрып, тамаша демалыс ұйымдастырды. Құрал-саймандарын сайлап келген олар суға қармақ салып, балық аулап жарысты. 

Атырау жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшелеріне қарасты станциялар, локомотившілер, вагоншылар, байланысшылар, жолшылар, энергетик, әскери күзет, басқа да мекеме өкілдері 12 командаға бөлініп, балық аулаудан шеберліктері мен ептіліктерін көрсетіп, ерекше демалыс ұйымдастырған шара болды. Аймақтағы Мақат станциясынан бір команда келіп, «балықшылар» қатарын толықтырды. 

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ басшысы Нұрбол Нұрышевтің айтуынша, бұл шара жұмыстан қолы тие бермейтін теміржолшыларды бір сәт болса да сергітіп, таза ауада, табиғат аясында болуына жағдай жасаудан туған ой екен. Құзырлы органдардың рұқсатымен қала сыртына шығып, белгіленген жерге қосын тіккен теміржолшылар мұндайда айтылатын «қолың қанды болсын» деген тілекпен су маржанын сүзуге кірісіп-ақ кетті. Бірақ су түбінде бой тасалаған балықтар қармаққа ілінуге асықпады. Әрине, теміржолшылар үшін ең бастысы жарыста жеңу емес, оған қатысу, көңіл көтеру болғаны анық. Әзілдері жарасып, демалып, таза ауада табысудың өзі бір ғанибет болды. Мұндай шаралар еңбек ұжымдарын ынтымақтастырады, жақындатады, ұйыта түседі. Сол ниетте бәрі де жеңіске жетті деуге болады. Екі-үш сағат табиғатты тамашалап, аязды күнде ашық аспан астында Жайыққа қарап отырып, буы бұрқыраған қуырдақ пен ыстық шәй ішкеннің өзі бір демалыс емес пе?! 

Кәсіподақ ұйымына осылайша ұтымды идеяны жүзеге асырғаны үшін алғыстарын айтты. Жағалауға келген теміржолшылардың бәрі де бір серпіліп қалғандарын жеткізіп, риза болысты. Дегенмен, жарыстың аты жарыс, сондықтан қанжығаларын майлап, олжалы болған балықшыларға құрметқошемет көрсетіп, сыйлықтар табыс етілді. 

Рас, Жайықтың қазіргі жайы елді қинап тұр, су деңгейі тартылып, балығы азайып барады. Оны жергілікті тұрғындар да, атқарушы билік пен ғалымдар да біледі. Бәрі де дабыл қағуда. Орал тауларынан келетін суға жолдан тосқауыл бар. Ресей жағымен сол жөнінде мемлекеттік деңгейде келелі кеңес өтіп келе жатқанына неше жыл болды, нәтиже мардымсыз. Бір шешімі болар деген жергілікті халық жақсылықтан үмітті.