Тарихи әділеттілік деп білеміз

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Бұрынғы Луговой, бүгінгі Түрксіб станциясының бір топ теміржолшылары мен ардагерлері жуырда Үкіметтің арнайы қаулысымен станция атауының Түрксіб болып өзгеруіне байланысты қуаныштарын жеткізіп, ҚТЖ басшылығына алғыстарын жолдайды. 

«Күні кеше ғана ел Үкіметінің «Теміржол вокзалдары кешені мен кейбір теміржол станцияларын қайта атау және станциялар транскрипцияларын өзгерту туралы» Қаулысына сәйкес Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Луговой станциясы «Түрксіб» станциясы болып өзгеруі тарихи әділеттіліктің салтанат құруы деп қабылдаймыз. 

Бұл – осыдан тоқсан жыл бұрын шойынжолды жалаң қолмен салған түрксібшілердің ғажайып ерлігіне ескерткіш, шынайы құрмет деп түсінеміз. Өзгерістің ТүркістанСібір темір жолының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі де көңілге қуаныш ұялатады. 

Тарихтың сарғайған беттерінен білетініміздей, осыдан тура 90 жыл бұрын Түрксіб құрылысы аяқталып, жол пайдалануға берілген. Сібірден Орталық Азияға тартылған теміржол кең-байтақ Қазақстанның экономикасының дамуына орасан зор әсерін тигізіп, жол жағалай халықтың тығыз қоныстанып, оның табиғи байлықтарын өндіруге, өндіріс пен сауданың пайда болуына ықпал етті. Теміржолшы кәсібі пайда болды.

Қазақ халқы Түрксібті «жаңа өмір жолы» деп атаған. Болат магистральдың арқасында Алматы қаласы республиканың әкімшілік және мәдени орталығы – астанаға айналса, 1,5 мың шақырымға созылып жатқан Түрксіб бойында Жаңасемей, Шар, Ақтоғай, Лепсі, Матай, Сарыөзек, Шу, Аягөз, Отар сияқты станциялар, ірі елді мекендер, қалалар ірге қалады.

Магистраль құрылысы оңтүстік пен солтүстікте бірдей жүріп, 1927 жылдың шілдесінде Семейде, ал қарашада Луговой станциясына алғашқы рельс төселгенін білеміз.

Біз, бүгінгі жаңарған Түрксіб станциясының теміржолшылары мен ардагерлері осынау игі бастамаға, тарихи өзгеріске ықпал еткен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына, сала ардагерлеріне, өзге де азаматтарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Еліміздің дамуы мен өркендеуі жалғаса берсін!» деп жазылған хатқа қол қойғандар қатарында Луговой станциясын ұзақ жылдар басқарған ардагер А. Тоқтанаев, В.Кудинов, Х.Шынасылова, А.Сатыбалдиев, М.Қарабаев, Б.Қазыбаев, Т.Тюпина, Ш.Керімқұлова, А.Қарабаева және басқалар бар.