Экологиялық жоба жүзеге асты

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылы «Қамқор Вагон» ЖШС кәсіпорнында бекітілген «Kamkor Green» экологиялық бағдарламасы аясында және халықаралық «Экологиялық менеджмент жүйесі» стандартының талаптарын орындау мақсатында аймақтың экологиялық ортасын жақсартуға бағытталған игі бір жоба жүзеге асты.

Ол Алматы-1 станциясының вагон доңғалақтары шеберханалары филиалын газдандыру шарасы болатын.

Сонымен филиалдың жылу жүйесін қатты отыннан көгілдір отынға ауыстыру кезінде біраз шаруаның басы қайырылды. Алдымен газдандыруға техникалық шарт пен жобалауға архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы алынып, Алматының қалалық жоспарлау мен урбанистика басқармасы мемлекеттік мекемесімен келісіліп, жылу қазандығын газдандыру жобасы жасалды. 1998 жылы жасалған бу қазандығы Төтенше жағдайлар органдарының есебінен шығарылып бұзылып, оның орнына автоматтандырылған газбен жұмыс істейтін және сумен жылыту қазандықтары орнатылды.

Сонымен қатар 1936 жылы салынған моральдық және физикалық тұрғыдан тозған бумен жылыту жүйесі – барлық өндірістік және кеңселік ғимараттардың сумен жылыту жүйесі жаңадан радиаторлар қою арқылы қайта жаңғыртылды. Осылайша, Алматы вагон доңғалақтары шеберханаларын газдандыру арқасында тас көмір сатып алынбайтын болды. Өз кезегінде ол, қоршаған ортаға шығаратын эмиссия көлемін 85 пайызға азайтып отыр.