Мың метрге дейін ұзартылуда

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінде жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін және олардың телімдерден кідіріссіз өтуін жетілдіру мақсатында кешенді жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Осындай ауқымды жобалардың бірі – Шиелі станциясында жолдарды ұзарту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

Станциялық жолдарды ұзарту жұмыстарына Қызылорда қалпына келтіру пойызының өндірістік бригадасы, Қызылорда, Сексеуіл, Қазалы жол дистанцияларының жолшылары жұмылдырылыпты. Бұған дейін ұзындығы 600 метр болған станция жолдары енді 1000-1050 метрге ұзартылып, ұзын құрамды пойыздардың кідіріссіз қозғалысына кеңінен жағдай жасалынатын болады. 

Станция жолдарында жүріп жатқан ауқымды жұмыс басынан біз Қызылорда ЖТ бөлімшесінің бас инженері Күлхан Белкібаев пен Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Ербол Оңғарбаевты жолықтырдық. 

Қызылорда жол дистанциясының бас инженері Ақыл Әбілдаев барлық жұмыс процесіне басшылық жасауда. 

Станцияның 4, 7, 9, 11 және 15 жолдарын ұзарту жоспарланған. Жолдың жаңадан ұзартылу ординаттық сызбасына орай солтүстік алқымдағы нысандар түгелімен орны ауыстырылуда екен. 

Ол үшін бекеттегі барлық теміржол мекемелерінің өкілдері жұмыс жасап, ШЧ, ЭЧ сынды мекемелер әрқайсысы өздеріне қатысты құрылғы, тетіктердің технологиялық талапқа, жолдардың ординаттық сызбасына сәйкес орналастыруда. 

Бөлімшенің бас инженері Күлхан Белкібаев бекет жолын ұзарту жұмыстарына алдымен тыңғылықты дайындық жасалып, нысандардың сызбаға сай орналастыру орны айқындалып барып жұмыстар басталғанын, жолдардың ұзартылуы толықтай бөлімше теміржолшылары күшімен орындалуда екенін жеткізді. 

Бекеттің солтүстік алқымында топтопқа бөлініп жұмыс жасап жатқан теміржолшылар жұмысы өнімді жүріп жатыр, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Ербол Оңғарбаев әр тетіктің технологиялық талапқа сай орындалуын, техникалармен жұмыс жасағанда сақтық шараларына абай болуын қадағалауда. Қызылорда жол дистанциясының бас инженері Ақыл Әбілдаев бағыттамалық бұрмаларды жаңадан салып жатқан топ жанында, ал бас инженер Күлхан Белкібаев көтергіш кранмен ескі жол рельстерін алып, жаңасын төсеп жатқан қалпына келтіру пойызының өндірістік бригадасы тобының жұмысына басшылық жасауда. Ал бекеттің солтүстік шығысында Қызылорда жол дистанциясы 4 учаске бастығының орынбасары Нұрболат Сақтағанов бастаған топ ескі қиыршық тастарды жөнелтіп, жаңадан салынған жолдарға төселетін қиыршық тастардың жеткізілуін ұйымдастыруда. 

– Бекет жолын ұзарту жұмыстары екі кезеңмен атқарылады. Биыл 15, 9, 4, 7 және 11 жолдар ұзартылып, пайдалануға беріледі де, келесі кезеңде 3, 5, 7, 17, 19 жолдар, яғни тағы бес жол ұзартылатын болады. 

Бөлімше теміржолшыларының өнімді жұмысының арқасында барлық жұмыс кесте бойынша жасалуда, жоспардан кешіккен жоқпыз. Салынған жолдарға қиыршық тастар төселген соң арнайы Унимат жол машинасымен технологиялық талапқа сай бабына келтіріледі. Сонымен қатар ПЧМ-40 Қызылорда учаскесінің бастығы Ербол Рүстемовтің қадағалауымен УТМ-114, МКТ-041 арнайы кешенді техникалары жол ұзарту жұмысына жұмылдырылуда. 

Жалпы алғанда жолды ұзарту шараларына барлық теміржолшылар, қолда бар техника, құрылғылар пайдаланылуда, – деді Қызылорда жол дистанциясының бас инженері Ақыл Әбілдаев.