Үздіктер сайысының үйретері көп

Қазалы вагон пайдалану депосы теміржолшылардың өзара тәжірибе алмасу, біліктілігін арттыру, үздіктерді насихаттау мақсатында «Кәсібі бойынша үздік» атты сайыс өткізілді.

Сайыс депоға қарасты Сексеуіл, Қазалы, Қызылорда, Шиелі және Жосалы техникалық қызмет көрсету бекеттерінің жұмысшылары, атап айтқанда, аға вагон қараушы, вагон қараушы-жөндеушілер, жылжымалы құрам жөндеушілері арасында елімізде болып жатқан пандемияға байланысты, барлық санитарлық талаптар сақталып, онлайн режимінде өткізілді. Сайыс талабы бойынша қатысушылар тарапынан «Вагон қараушы жөндеушінің бір жұмыс күні», «Вагон қараушы – қауіпсіздік кепілі» тақырыбында бейнетүсірілімдер әзірленіп, комиссия назарына ұсынылған, талапкерлердің білім деңгейі тестілеу тәсілімен анықталған. 

– «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС-нің техникалық саясат бойынша атқарушы директоры Е.Дүйсембаевтың 13.10.2020 жылғы №ГПИТП/10231-И жеделхатына сәйкес сайыс ұйымдастырылып, вагон шаруашылығында еңбек етіп жүрген теміржолшылардың білім-білігін сарапқа салдық. Сайыстың барлық кезеңдерінің өзіндік қиындықтары да, жеңілдіктері де болды. 

Сайысқа қатысып отырған теміржолшылардың кейде сасқалақтап, күнделік өндірістік жұмыста жасап жүрген жұмыстарын ұмытып қалатын сәттеріне де куә болдық, ондай кездерде сабырлы болу керектігін, кез келген ситуацияны елеп-екшеп барып әрекет еткенде жаңылмайтынын есте ұстау ескертілді, – деді депо бастығы Арғын Орымбаев. 

Сонымен, ағымдағы жылдың 22 қазан және 12 қараша аралығында сайысқа қатысушы теміржолшылардың жұмысын сарапқа салған комиссия мүшелері вагоншылардың көрсеткен нәтижелеріне көңілі толды. Сайыс қорытындысы бойынша Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекетінің аға вагон қараушысы Ғалымжан Нұрмағамбет жүлделі бірінші орынды иеленіп, әріптестерінен білігі мен білімі озық, тәжірибесі мол екенін дәлелдей білді. Ал жүлделі 2 орынды вагон қараушы жөндеуші Руслан Балқожаев, 3 орынды Қазалы техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы жөндеушісі Серік Шәден қанжығасына байлады. Депо басшылығы мен кәсіподақ ұйымының ықпалымен жеңімпаздар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.