Рефрижератор контейнерге сұраныс жоғары

Жақында KTZ Express клиенттері үшін аталған кәсіпорынға тиесілі рефрижераторлық контейнерлерде ет және ет өнімдерін тасымалдаудың артықшылықтары таныстырылды. 

Тұсау кесерге қатысқан Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков Қазақстандағы мал шаруашылығының негізгі өнімдері бойынша ағымдық жағдайы мен елдің экспорттық әлеуеті туралы баяндап берді. Ол қазақстандық етті шетелге экспорттау тізбегіндегі рефконтейнерлік тасымалдардың маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Ал компания бас директорының орынбасары Мәдина Ахмеджанова, температуралық режимге сезімтал жүктерді тасымалдау бойынша KTZ Express сервистері туралы, жолға қойылған экспорттық бағыттар және «KTZ Express» АҚ-мен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы егжейтегжейлі айтып берді.

Іс-шараға 40-тан астам компания қатысты, олардың қатарында ірі ет және ет өнімдерін өндірушілер және экспорттаушы кәсіпорындар, атап айтқанда, «КаяBeef», «Алтын қазық», «Жаңа Береке», «Астана-Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқалары бар.

Жалпы, бүгінде жаппай контейнерлік тасымалға ден қойған әлем елдерінде рефрижераторконтейнерлерге сұраныс жоғары.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар рефрижераторлық контейнерлерде тасымалдауға жоғары қызығушылық танытты және осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізудің маңызы зор екенін жеткізді.