Күтіп ұстау сапасын тексерді

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

ҚР ИИДМ Көлік комитеті магистральдық және станциялық жолдарды күтіп ұстауға жауап беретін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – Магистральдық желі дирекциясы филиалдарында теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізді. 

Арнайы жабдықтар мен мобиль - ді диагностикалық кешенді қолдана отырып, қазан айында Қазақстанның барлық өңірлерінде теміржолдар мен бағыттамалы бұрмаларды тексеру нәтижесінде жолаушылар мен жүк пойыздары жүретін теміржолдарда қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін 1000- нан астам бұзушылық анықталды. 

Тексеру қорытындысы бойынша теміржолдарды күтіп ұстау бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін өрескел бұзушылықтарға байланысты тексеру кезінде 127 теміржол және 108 бағыттамалы бұрмаларды пайдалану тоқтатылды, 350 жылдамдық шектеулері берілді, сондай-ақ арнайы жылжымалы құрамның 56 бірлігі пайдаланудан шеттетілді. Бұзушылықтарды жойғанға дейін ШҚО, Павлодар, Қостанай, Қарағанды және бірқатар облыстарда бірнеше теміржол телімінің қызметі толығымен тоқтатылды, бұл жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесінде көрініс тапты. 

Биыл өткен 10 айда теміржол көлігі субъектілері қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 826 оқиғасына жол берді, ол бойынша көліктік бақылау қызметкерлері 53 млн теңгеге жуық сомаға әкімшілік құжат толтырды. Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің жайкүйін талдау өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұзушылықтардың өскенін көрсетті: 2019 жылы 808 бұзушылық тіркелген. 

Тексеру теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін, жылжымалы құрамның сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ санитарлықкарантиндік режимді ескере отырып, теміржол көлігінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында жүргізіледі.