Тәртіп бұзған шетел азаматтары пойыздан түсірілді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

№380 «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында тәртіп бұзған шетел азаматтары Ақтөбе станциясында пойыздан түсірілді. 

Оқиға 7 қараша күні сағат 00:40 уақытында тіркелді. «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының басшысы желілік полиция бөліміне хабар берген. Тәртіп сақшыларына пойыздағы жолаушылардың мазасын алған екі азаматты Ақтөбе станциясынан түсіру туралы акт түскен. 

Ақтөбе станциясы желілік полиция бөлімінің мәліметінше, екі азамат та өз әрекетіне жауап бере алмайтындай масаң күйде болған. 

Олардың бірі 42 жастағы Әзербайжан республикасының азаматы болса, екіншісі – 36 жастағы Өзбекстан азаматы. 

Аталған дерек бойынша, екі шетел азаматы екі тәулікке қамауға алынып, бірнеше баппен әкімшілік жазаға тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы ұсақ бұзақылық, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп масаң күйде жүргені үшін және ҚР ӘҚБтКнің 441-бабы тыйым салынған орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде электрондық темекі өнімдерін пайдаланғаны және ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен тыныштықты бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.