Бейнеу станциясының ұжымы бірнеше әріптестерімен қоштасты

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Бейнеу станциясының ұжымы зейнет жасына жеткен бірнеше әріптестерімен қимай қоштасты. Станцияға, жалпы Маңғыстау теміржолына талай жылғы еңбегі сіңген жандарды лайықты сый-құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды.

Бәрі де Бейнеуде алды қырық, соңы жиырма жыл еңбек еткен, бәрі де теміржолдың ыстығы мен суығына төселген нағыз жаны сірі теміржолшылар қатарынан. Олар – Бейнеу станциясы бастығының орынбасары Жарылқасын Батыров, Бейнеу станциясының кезекшісі Марат Сақтағанов, станция кезекшісінің операторы Гүлбаршын Үмітәлиева, №1 бекет кезекшісі Атабай Жүсіпұлы. 

Аталған теміржолшыларға лайықты сыйқұрмет көрсеткен станция басшылығы өңір теміржолының өркендеуі жолындағы үлесі үшін оларға алғыс айтып, ақжарма тілектерін ағытты. 

Ұжымдастарының, басшылықтың және кәсіподақ комитетінің атынан арнайы сыйлықтар мен грамоталар табыстады. 

– Бұл кісілердің бәрін жақсы білемін. Өткен еңбек жолдарынан да хабарым бар. Жарылқасын Батыров туралы айтсақ, ол Қарақалпақ түйіспе станциясындағы станция бастығының орынбасары болды. Қырық жылдан астам түбек теміржолында жұмыс істеп келе жатқан теміржолшы. Кезінде Маңғыстау бөлімшесінің сызбасын, техқұжаттарын дайындаған маман. Ал Марат Сақтағанов жұмысын алғаш осы станцияда жүк қабылдаушыдан бастаған. 

Ол да қырық жылдың жобасында еңбек етті.

Бейнеудің басында кезекші болып жүргенде станциядағы қазіргі және одан бұрынғы бүкіл кезекшілерді жұмысқа үйретіп, ұстаздық еткен. 

Бүгінде солардың көбі диспетчер, бірсыпырасы Ақтөбеге кетті, бір сөзбен айтқанда, осы Бейнеудегі барша теміржолшыға ұстаз болған жандар, –дейді станцияның қозғалыс қауіпсіздігі инженері Ғалым Қанатов. 

Саналы ғұмырын теміржолда өткізген Гүлбаршын апамыз да тоғыз жолдың торабына айналған Бейнеу станциясында 1980 жылдан бері еңбек еткен. 

− Осы қырық жылда теміржолдағы бірнеше кәсіпті игердім. Вагон сандарын жазатын жұмысты да жасадым, станция-технологиялық орталығының операторы, ақпарат беруші де болдым. Енді, міне, зейнет жасына келіп, сол жылдардың барлығы естелікке айналмақшы. 

Жұмыста қызық та, қиындық та болды, жақсы дәуірлер екен, бәрібір қимаймын. Осы кәсіптің арқасында біреуден алдын, біреуден соң болса да өзгеге алақан жаймай алаңсыз өмір сүрдім. 

Шүкір, 2 баламды өсіріп жеткіздім. Қазір 5 немеренің әжесімін, – дейді Атырау облысының Ганюшкин ауылында дүниеге келіп, Бейнеудің тұрғынына айналған Гүлбаршын ханым.