Теміржолшылардың қатал маусымға дайындығы қалай

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Биыл Оңтүстікте күн райы ерекше жылы болды. Күздің мизамшуақ күндері теміржолшылардың жұмыс жасауына қолайлы кезең. Алайда, бұл – қыс келмейді деген сөз емес. Сондықтан «Қыс шанасын жаз сайлаған» теміржолшылардың қатал маусымға дайындығы қалай?

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2020-2021 жылғы жылыту маусымында көмір отынын пайдалану жоспары 1 083 960 тонна болып бекітілген. 

Оның ішінде күні бүгінге дейін тасымалданғаны – 795363 тонна немесе 73,4% құрап отыр. 

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлыхан Қанаевтың айтуынша, көмір тасымалының көрсеткіші осы жылдың мамыр айынан бастап саналып, келесі жылдың мамырына дейін жалғаспақ. 

Сонымен, облыс пен қала тұрғындарына және жылыжайларға 806 мың 062 тонна көмір жеткізу жоспарланған. Тасымалданғаны – 360 248 тонна немесе 44,7%. Сонымен қатар қатты отын цемент зауыттарына да тасымалданады екен. Мұнда отынның 230 529 тоннасы жеткізілген. 

Ал бюджеттік мекемелердің жоспары 173 333 тонна болып бекітілген және осы көлемдегі тонна көмір толығымен 100% қамтамасыз етілген. Айталық, Түркістан облысына жоспар бойынша 167 433 тонна бекітілсе, тасымалданғаны – 167433 тонна. Шымкент қаласына 5900 тонна, тасымалданғаны – 5900 тонна, яғни 100% құрайды.

Коммуналдық-шаруашылық мекемелердің жоспары бойынша 104 565 тонна, тасымалданғаны 31 253 тонна немесе 29,9%. Бұлардың ішінде Кентау ТЭЦ-5 – жоспар бойынша 89 000 тоннаның 23 805 тоннасы жеткізілді. «Уран қуат» ЖШС – 8 600 тоннаның 483 тоннасы тасымалданса, «Түркістан жылуға» 1000 тонна жоспарланған, ол толығымен 100 пайыз орындалған. «Арыс жылуға» 4865 тонна жоспарланып, бүгінде толығымен тасымалданған. Шымкент қаласына да тиісті 1100 тонна жоспар толық қамтылған. 

 – Мамыр айында 30 мың тонна көмір жеткізу жоспарланып, бірақ оның 113 781 тоннасы тасымалданды.

Маусым айында 102 143 тоннаның 82 110 тоннасы, шілдеде 130 810 тоннаның 99 705 тоннасы, тамызда 137 671 тоннаның 139 725 тоннасы, қыркүйекте 111 371 тоннаның 151 248 тоннасы, қазан айында 161 598 тонна, ал қарашаның 8-не дейін 47 196 тонна қатты отын тасымалданды, – деді логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлыхан Қанаев. 

Бүгінге дейін қатты отынның 795363 тоннасы тасымалданып үлгерген, отын тасымалдау келесі жылдың мамырына дейін жоспарланған. Демек, оңтүстік қыстан қысылмайды деген сөз.