Топ мониторинг жұмыстарын жүргізді

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда станциясындағы теміржол вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, кешендегі санитарлық жағдаймен танысып, оны жетілдіру мақсатында Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры, Теміржол аумақтық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ибраким Басықараев бастаған топ мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Бақылау комиссиясының тобында Магистральдық желі бөлімшесі вокзал шаруашылығының басшысы Жандарбек Саятұлы, «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева, Жолаушылар тасымалы «Батыс» филиалы бастығы Алмас Дәуітбаев да болды. Олар Қызылорда қаласынан шығып Семей бағытына баратын №21-22 пойыз бен Павлодар-Қызылорда бағытындағы №117-118 пойыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагондардың жағдайымен танысты. Өзгелердің көмегіне мұқтаж жандарға көрсетілетін сервистік қызметтердің сапасын, олардың стандарттық талаптарға қаншалықты сай келетінін анықтаған топ мүшелері арбаға таңылған адамның мүмкіндігіне көз жеткізіп, одан бөлек көру қабілеті нашар адамдарға ілінген Брайль шрифтімен жазылған тақтайшаларға назар аударды. 

Бақылау барысында мониторингтік топ сервиске тиесілі бағаларын беріп қана қоймай, кейбір тұстарда пойыз басшыларына ескертпелер мен ұсыныстар берді.

– Жолаушылардың барлығына қажетті қызмет көрсету, оның ішінде өзгелердің көмегіне мұқтаж жандардың жолаушылар вагондарына еш кедергісіз кіріп шығуына қолайлы жағдай жасайтын орта қалыптастыру міндетіміз болғандықтан барлық мүмкіндікті қолданудамыз, – деді Жолаушылар тасымалы «Батыс» филиалының бастығы Алмас Дәуітбаев. 

Айтпақшы, қазіргі таңда Қызылорда қаласынан шығатын 5 пойыздың бәрінде, «Жолаушылар тасымалы» пойызының 4-вагоны, «Марал-Нұр» және «Номадас» серіктестіктері тарапынан ұйымдастыратын пойыздардың әрқайсысының 4-вагоны мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған.