Үздік вагон қараушы атанды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Өткен апта соңында Шығыстағы Семей вагон пайдалану депосында вагон қараушылар арасында «Үздік вагон қараушы» сайысы өткізілді. Аталмыш байқауға еңбекте озат деп танылған желі бойындағы мамандар қатысып, өзара шеберлік сынасты. 

Семей ЖТ бөлімшесіндегі ВЧД-23 мекемесі басшылығы мен кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған сайыста вагон қараушылар шеберлігі жан-жақты түрде сынға түсті. Ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша «Үздік вагон қараушы» сайысы үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде кәсіби міндетке байланысты сұрақ-жауап, екінші бөлімде әрбір қатысушының алдын ала дайындаған бейнероликтері сынға алынды. Ал, соңғы үшінші бөлім нақты тәжірибе бойынша іске асты. Яғни, әр вагон қараушы өзінің қызмет барысындағы машығын, біліктілігін көрсетуге, вагонның жүріс бөлігіндегі ақаулықтарды табудағы алғырлықтарын дәлелдеулері тиіс болатын. 

Байқау қорытындысы бойынша 4 адам жүлделі орындарды жеңіп алды. Атап айтсақ, Серік Тілеуханов, Жұмабек Бекбосынов, Александр Подпорин, Дәурен Ақатаев «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. 

Барлық жеңімпаздар кәсіподақ ұйымы тарапынан арнайы әзірленген сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Олар көрсеткен үздік тәжірибелер алдағы уақытта қызмет барысында қолданылатын болады. 

Шектеулі адамдар ғана қатысқан сайыс барысы санитарлық-эпидемиологиялық талап-ережелер мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтай отырып өткізілді.