Айыппұл арқалағандар көбейді

Теміржол торабында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолында көлік полицейлерінің тынымсыз еңбегі мол. Еліміздегі карантин жағдайының бәсеңдеуі көптеген құқық бұзушылықтардың тіркелуіне жол беруде. 

 Мысалы, «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызынан мас күйдегі 55 жастағы азамат түсіп, пойыз жүрерде қайта мінбей, жұрттың мазасын алып, жолсеріктерді де әлекке салғаны үшін құқықбұзушыға айыппұл салынды. 

Алматы-1 теміржол вокзалының перронында темекі шегіп тұрған азаматқа да әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін айыппұл салынды. 

Ішімдікке сылқия тойып алып, мас күйде жүрген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны да осы жерде ұсталып, хаттама толтырылды. Жеке басын анықтау барысында бұл азаматтың жыл басында ақпан айында ҚР ӘҚБтК-тің 440-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл салынғаны анықталды, демек, бір жыл ішінде қайта жасалған әрекеті үшін 440-баптың 3-бөлігі бойынша тиісті хаттама толтырылды. 

Құқықбұзушы азаматқа қатысты іс Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы сотына тұрғылықты мекенжайы бойынша қарастырылуға жіберілді.