Мақатқа медициналық кешен келді

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау облысындағы «Болашақ» зауытына жақын орналасқан Ескене және Таскескен станциялары экологиялық қауіпті аймақ шегінде орналасқан. Бұл ауылдарда халықтың дені темір жол саласында жұмыс істейді, сондықтан негізінен теміржолшылар тұрады.

Станциядан тәулігіне елуге жуық пойыз өтеді, оның ішінде мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды тасыған жүк пойыздары да, он шақты жолаушы пойыздары да бар. Аталған станцияларда емхана да, медициналық пункт те жоқ.

Тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздаса, бара қоятын жер жоқ, не қалаға, не аудан орталығындағы емханаларға баруы керек, яғни медициналық емге зәру. Ал ауылды көшіру мәселесі әзірге шешілмей тұр. 

Шалғай ауылдардағы тұрғындардың дәрігер кеңесіне және сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін елімізде 2012 жылдан бері жылжымалы медициналық кешен құрылып, жұмысын бастаған болатын. Жуырда облыстағы аудандық ауруханаларға бөлінген 5 жылжымалы медициналық кешеннің бірі Мақат ауданына да бұйырды. Енді аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл халқы ем іздеп орталыққа немесе қалаға сабылмайды, оларға медициналық көмек көрсететін көлік өзі барады. 

Бұл – халыққа бір қадам болса да жақындау, аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізетін әрекет. Жылжымалы диагностикалық медициналық кешен жай ғана автобус емес, оны көшпелі емхана десе болады. Іші толықтай компьютерлік құралдармен жабдықталған. 

Азаматтарға түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Ескене және Таскескен бекеттеріндегі тұрғындарға медициналық көмек беру мақсатында жылжымалы бригада жуырда аталған елді мекендерде болды. Қос станция тұрғындары ешқайда шапқыламай, кезегімен дәрігерлердің қабылдауында болып, тексеруден өтті, өздеріне қажетті мәліметтерді алды. Бригада құрамында хирург, терапевт, лор, окулист, гинеколог, рентгенлаборант, лаборант, узи дәрігері, тіс дәрігері, тағы да басқа ауру түрлерін қарайтын арнайы мамандар болды. 

«Тұрғындарды әрі-бері сабылтпай, заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсетудің ендігі жерде еш қиындығы жоқ. Бұл кешен бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аудандық орталық ауруханаға беріліп отыр. Қазіргі таңда шалғай орналасқан елді мекендерге өз қызметімізді бастап кеттік. 

Аудандағы медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарының сырқатын анықтап, қажетті ем-домын жасауда. Барлығы да білікті де білімді, жоғарғы санатты дәрігерлер. Олар алдына келген емделушіні, біріншіден, скринингтік тексерістен өткізеді. Егер тексеру нәтижесінде сырқаты күрделі екені анықталса, онда ол адам тізімге алынып, әрі қарай емделеді. Карантин кезінде ауыл тұрғындары емханаларға тексеріле алмай қалған болатын, оның үстіне көлік қатынасы қиындық туғызады. Сондықтан өзіміз келіп халыққа қызмет етудеміз. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады», – дейді бас дәрігер Асулан Нұрбұланұлы.

Медициналық кешен арқылы тұрғындардың созылмалы инфекциялық емес ауруларын анықтауға зор мүмкіндік береді.

Кешен арнайы лифт-пандуспен жабдықталған. Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылған. Кешен цифрлық қондырғылармен жарақтандырылған жеті мамандандырылған кабинеттен тұрады.

Атап айтқанда: жалпы қабылдау, жалпы тәжірибе дәрігері, анализдер қабылдау аймағы, дәріханалық пункт, функционалды диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті мен сәулелі диагностика кабинеттері бар. Жылжымалы кешеннің көмегімен алпыстан астам ауруға диагноз қоюға болады. Станция тұрғындары жылжымалы кешен қызметіне дән риза. «Ауыл тұрғындарының дені – қариялар, жастардың көбі қалаға кетіп қалды. Орталыққа бару үлкендерге қиындық туғызатын. Сондықтан бұл – үлкен мүмкіндік» дейді ауыл тұрғындары. Шамамен екі жүздей халқы бар қос станция тұрғындары

жылжымалы медициналық кешеннің қызметін пайдаланып, риза болып қалды.